15.07.2016, 10:25
Оқылды: 56

Ардагердің мерейлі жасы ұлықталды

Ардагердің мерейлі жасы ұлықталды       Еңбек ардагері, көп жылдар мекеме-ұйымдарда есепші, бұрынғы тұтынушылар одағында сатушы болып қызмет атқарған, бірнеше медальдардың иегері Самиға Қайырованың 80 жылдық мерейтойы тойланды. Туған күн иесін аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин арнайы қабылдап, ақ лебізін арнады.


    – Сізді жергілікті тұрғындар аудан экономикасының дамуына сүбелі үлес қосқан, ерінбей еңбек етіп, көпке үлгі бола білген жан ретінде ерекше құрметтейді. Қазір зейнет жасында болсаңыз да қоғамдық шараларға белсенді араласып, халықтың ортасынан табылып жүрсіз. Сізді мерейлі жасыңызбен құттықтай отырып, деніңізге саулық, отбасыңызға баянды бақыт тілеймін. Ұрпағыңыздың қызығын көріп, ортамызда аман-есен жүре беріңіз! – деген аудан басшысы естелік сыйлық тарту етті.

         Мұнан кейін ардагерлер үйінде Самиға Қайырқызының мерейтойына арналған кеш оздырылды. Кеште аудандық мәслихат хатшысы Тахир Қадимов, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Роберт Биғалиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев және мерейтой иесінің достары құттықтау сөз сөйледі. Самиға Қайырқызының өмір жолынан сыр шертетін слайд көрсетілген соң, аудан ардагерлері сексеннің сеңгіріне келген ақжаулықтыға арнап концерттік бағдарлама қойды.

www.zhaikpress.kz
Д.ЗЕННАТ

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале