8.11.2016, 11:08
Оқылды: 48

Ауылшаруашылығы мамандарына арналған семинар

ZH-350x350          Ақжайық санаториясының мәжіліс залында ауылшаруашылығы мамандарына арналған семинар өтті.

Бұған облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Серік Нұрмағамбетов, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ оқытушылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары мен ауыл әкімдері және ауылшаруашылығы мамандары қатысты.

– Семинар, негізінен ауылшаруашылығын дамыту тақырыбына арналған. Семинарға  облыстың түкпір-түкпірінен келген 179 адам қатыспақ. Бұл шараны екі кезеңде өткізуді жоспарлап отырмыз. Бірінші кезең 7-9 қарашада, ал екіншісі 10-12 қараша күндері өтеді. Семинардың алғашқы кезеңіне 88 адам қатысып отыр. Олар бүгін ауылшаруашылығы кооперативтерін құру мәселесі бойынша дәріс тыңдап, бұл тақырып бойынша өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды. Жиында селекция, мал азығы мен мал өнімдерін өндіру және түрлі мал ауруларын ауыздықтау бағытындағы өзекті мәселелер талқыланды. Сондай-ақ, коопертив құру ісі мен бұл бағыттағы мемлекеттік қолдау  жәйі түсіндірілді.  Біз бұл семинарды ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің тапсырысы бойынша облыстық ауылшаруашылығы басқармасының қызметкерлерімен  бірігіп ұйымдастырып отырмыз.

Аталмыш шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз-ауыл тұрғындарына 2015 жылы шыққан кооперация туралы заңды түсіндіру. Бұл заң ағымдағы жылдың қаңтарынан бастап жүзеге асырылуға тиіс болғанмен, әзірге өз деңгейінде әрекет ете алмай отыр. Ауыл адамдары ауылшаруашылығы кооперативтерін құруға асығар емес. Сондықтан, ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі бізге осындай семинарларды жергілікті жерлерде ұйымдастырып, халыққа түсіндіру жөнінде тапсырма берді. Семинардан соң ауылшаруашылығы мамандары аудандарда, ауылдық округтерде тұрғындарды жинап, кооператив құрудың тиімділігін түсіндіруі тиіс. Сөйтіп, олар ауылшаруашылығы кооперативтерін құру ісін тездетуге ықпал етпек.

Жалпы, ауылшаруашылығы кооперативі ауылдағы жеке аулаларды біріктіру арқылы жасақталмақ. Ауыл тұрғындарына жеке-жеке тірлік жасағаннан гөрі осындай кооперативтерге бірігіп әрекет еткен дұрыс. Өйткені, олардың жеке тірлігінен ештеңе өнбейтінін өмірдің өзі дәлелдеді. Жеке-дара тіршілік еткенде олар малды бағып, күту барысында, сондай-ақ,  малдарының еті мен сүтін, жүнін өткізгенде үлкен қиындықтарға тап келді. Ауыл адамдары кооператив құрып біріксе, мұндай қиындықтар болмайды. Кооператив құрғанда олар өздері орталарынан басшы сайлайды. Сол басқарушы адам арқылы түйткілді мәселені шешу үшін мемлекеттен көмек алады. Мысалы, олар мал басын көбейтуге, мал азығын дайындауға қажетті  техникаларды сатып алуға, су мәселесін шешуге мемлекеттен  субсидия ала алады.

Бүгінгі таңда елімізде ет пен сүт өнімдерінің 80 пайызын жеке аулалар беріп отыр. Халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін оларға толыққанды жағдай жасалуы керек. Ауылшаруашылығы кооперативін құру осы мақсатта қолға алынып отыр, -деген Едіге Насанбаев жеке аулалардың басын біріктіріп, осындай кооперативтерді  құрғанда ғана сапасы жоғары ауылшаруашылығы өнімдерін өндіруге болатынын айтты.         Профессордың сөзінше, бұл жағдай сапалы ет пен сүт өнімдерінің мөлшерін ұлғайтып, оларды экспортқа көптеп шығаруға мүмкіндік береді.

Айша ӨТЕБӘЛІ

«Орал өңірі»

www.zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале