29.08.2016, 18:16
Оқылды: 88

«Ақ орамал» акциясы бастау алды

АкуштапЕл тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне және Елбасының Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте жариялаған «Әлем. XXI ғасыр» манифесін ілгерілету мақсатында Қазақстан халқы ассамблеясының бастамасымен қолға алынған «Ақ орамал» республикалық акциясы Ақ Жайық өңірінде бастау алды.

Бұл акция қазақстандықтарды этностық шығу тегіне, әлеуметтік, діни немесе басқа да ерекшеліктеріне қарамастан бейбітшілік идеясы аясына шоғырландыруды көздейді. Отбасының игілігін мұрат еткен, перзентінің жолына бар ақ тілегін арнаған, бақытын ерінен күткен, бейбітшілікті Тәңірден тілеудей-ақ тілеген, ұлтының ұйытқысы әйел-ананың ақ орамалы қашан да қастерлі. «Ақ oрамал» акциясының пәлсапалық астары терең, оған дана халқымыздың ежелгі дәстүрі - татуластыру салты негіз болған. Яғни бағзы жаугершілік замандарда әйел-ана басындағы орамалын шешіп алып, жауласушылардың ортасына тастап, жанжалдың тоқтауына себеп болған.

Акцияны ұйымдастырушылар бастарында ақ орамалдары желбіреген 5 мыңға жуық белсенді, іскер және көп балалы аналардың қатысуымен бірге Достық даңғылы бойымен шерулетіп өтті. Аналар шеруі Мәңгілік алау алаңына жетіп, митингке ұласты. Митингіні ашқан облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов Қазақстанның Тәуелсіздік алған алғашқы күндерден-ақ өзінің татулық пен келісім салтанат құратын бейбіт мемлекет құруға бағыт ұстанғанын, Елбасының халқы мен жерінің тыныштығы үшін әлемдегі төртінші орында тұрған ядролық арсеналдан бас тартып, Семей ядролық полигонын жабуға батыл шешім қабылдағанын айтып өтті.

Ак орамал (2)Ел тәуелсіздігінің 25 жылы ішінде мемлекеттің басты саясаты бейбітшілік, келісім және татулық болып белгіленді. Осы ұстаным әлі күнге жалғасын табуда. Елбасы Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте сөйлеген сөзінде «Мемлекетіміздің басты бағыты – бейбітшілік» деп атап көрсетіп, «Біз балалар мен немерелеріміздің  болашағын ойлауға тиіспіз», «ХХІ ғасыр өскелең ұрпақ үшін, жұмыс істеу үшін, еңбек ету үшін бейбітшілік керек» деген болатын. Сондықтан да барлық халықаралық қауымдастықты, алып елдердің жетекшілерін әлемде  бейбітшілік орнатуға үндеді. Қаншама ел Елбасының сөйлеген сөзін қолдап отыр. Осы акцияның өтуі, Қазақстанда мыңдаған аналарымыз бен қарындастарымыздың көшеге шығып, Елбасы саясатын қолдауы және әлемде бейбітшілік орнасын деген оймен акцияға шығуы - соның көрінісі, - деді Марат Тоқжанов.

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақұштап Бақтыгереева  ана туралы, ананық ақ жаулығы туралы толғанды. «Жас ұрпақ, қыздар ананың ақ жаулығын кірлетпейік деп өсіңіздер. Ана болған жас келіндер, анадан қалған ақ жаулыққа мен де кір жұқтырмаймын деп ұрпақтарыңның бесігін тербетіңіздер, айналайындар. Сонда ғана адамзат ұрпағы өзінің борышын орындайды. Сонда ғана жер бетінде ақ мейірім, ақ сүтті ақтаған ұрпақ өседі. Бізге керегі - ана сыйлау тәрбиесі, бізге керегі - ананың ақ сүтін қастерлеп, анадан бата алатын дін», - деген ақын жаңадан отау құрған Бекжан Исмағұлов мен Айнұр Шүйіншәлиева, Әдиет Құрмекеш пен Лаура Айтмағанбетова сықылды жас жұбайларға  аналық ақ тілегін білдіріп, қос қалыңдыққа адал жар, абзал ана болсын деген ниетпен ақ орамал тарту етті.

Жиында А.  Островский атындағы орыс драма театрының әртісі Светлана Романова, «Арба» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлмира Батпақұлова, БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының этномәдение бірлестігінің бір топ әйелдері бейбіт өмірді қадірлеуге, елдегі тыныштық пен бірлікке ұйытқы болуға шақырды. Бұдан кейін ана туралы балалардың оқыған өлеңдері де әсерлі шықты.  Алаңға жиналған қауым шара соңында «Ана туралы әнді» қосыла шырқап, аспанға ақ көгершіндерді ұшырды.

Гүлбаршын  Әжігереева

www.zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале