«Еңбек етсең, емерсің» дегендей, ауласында бау-бақшасын еккен ауылдастарымыз уақыттарын тиімді өткізіп қана қоймай, қысқы азықтарын жаз айларында дайындауда. Сондай жанның бірі - талдықұдықтық Ермек Аманғалиев.
Зейнеткер Ермек Аманғалиев 35 жылдан бері бау-бақша өнімдерін өсіреді. Жаз маусымы басталысымен бақшасына күтім жасайды. «Еңбектеніп, өз қолыммен егіп, баптап-күткен өнімнің дәмі ерекше»,-дейді бізбен әңгімесінде.
Талдықұдық ауылы аудан орталығынан жырақта жатқан ауылдың бірі. Бұл ауылдың маңында не өзені, не көлі жоқ. Осындай жасқа жетсе де, Ермек ағамыз ауласындағы тракторымен ауыл шетіндегі каналдан су сорып, бау-бақшасын сурады. Біздің кейіпкеріміз сол Талдықұдық ауылында абыройлы қызмет етіп, кейін зейнет демалысына шықса, ауылдың қоғамдық өміріне белсене араласып, өзінің ақыл кеңесін айтып отырады.
-Ауламда алма, өрік, шие, алмұрт теректері өсіп тұр. Бау-бақшаны күтіп баптау оңай шаруа емес. Оған көп күтім қажет. Жақында Башқұртстаннан қиярдың жаңа сортының дәнін алдырдым. Қиярдың өзі домалақ болып өседі екен,-дейді Ермек ақсақал.
Иә, бау-бақшаны баптау, күту оңай емес, әрине. Бұл туралы 78 жастағы қариямыз:
-Қара жердің төсінен нәпақа тауып, беймаза тірлік кешіп, ойдағыдай нәтижеге қол жеткізуге болады. Ерте кезден төрт түлік мал өсіріп, көл-көсір табысқа кенелген ауылдастарымыз үшін де бүгінде бау-бақшасын баптап, ерінбей берекелі кәсіппен айналысуға болады. «Еңбек етсең ерінбей» дегендей, еңбек еткен жанға берекелі табыстың тоқтаусыз келетіні сөзсіз,-дейді.
Ағамыздың сөзінің жаны бар. Қараөзен мен Сарыөзен жағасында тұрып жатқан кейбір ауылдастарымыз бақшасын баптамақ түгілі, масылдыққа бой алдырып отыр. Ермек ағамыздан үлгі алған ауылдастардың масылдықтан арылып, еңбекке қарай ұмтылса, нұр үстіне нұр болар еді!
Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ
Талдықұдық ауылы