Бүгін облыстық қазақ драма театрында "Мерейлі отбасы -2016" ұлттық байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды.
Отбасындағы өнегелі құндылықтарды насихаттап, жанұя мәртебесін арттырып, үлгілі отбасыларды анықтап, халыққа насихаттауды мақсат еткен байқауға аудан-ауыл мен қаладан бірнеше отбасы қатысып, бақ сынады. Қаламызда және аудандарда іріктеу айналымдарынан өткен үлгілі отбасылар "Еліне еңбегі сіңген отбасы", "Ұлттық дәстүрді ардақтаған отбасы", "Шеберлік сырын ұққан отбасы" сынды түрлі аталымдармен марапатталды. Отбасылық құндылықтарды дәріптеген байқау қорытындысында үшінші орынды қаратөбелік Қауеновтер отбасы, екінші орынды Орал қаласынан Жұбаниязовтар отбасы иеленді.
Ал "Мерейлі отбасы-2016" ұлттық байқауынан бірінші орын Қазталов ауданынан қатысқан Биғалиевтер отбасына бұйырды. Байқаудың жеңімпаз отбасыларын арнайы құттықтаған облыс әкімі Алтай Көлгінов барша отбасына шынайы бақыт тілеп, Биғалиевтер отбасына отандық шипажайға жолдаманы табыс етті.
Байқаудың жеңімпазы атанған Биғалиевтер отбасы қыркүйек айында елордамыз Астана қаласында өтетін "Мерейлі отбасы-2016" байқауының гранд-финалында өңіріміздің атынан сынға түспек.
www.zhaikpress.kz
Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ