Талай өнер саңлақтары дүниеге келген Бостандық ауылындағы әжелерден құралған «Асыл әжелер» ансамбліне биыл 15 жыл толды.
2001 жылы мамыр айында құрылған «Асыл әжелер» ансамблінің өнері көп ұзамай-ақ бүкіл аудан көлеміне таралып кетті. Олай дейтініміз, ансамбль ұжымы мәдени мұрамыз – халық әндері мен қазіргі әндерді, үркердей айшықты үрдістерімізді шебер ұштастыру үшін талмай ізденген еді. Екі-үш жыл көлемінде-ақ ауданның барлық ауылдарын, елді мекендерін аралап, концерттерін ұсынды. Тіпті, Орал қаласындағы қазақ драма театрының төрінде де ән шырқады.
«Асыл әжелердің» құрамында бүгінде – 15 адам. Жетекшісі – Гүлбану Шынтемірова. Олар көбінесе халық әндерін орындайды. Қазір репертуарларында 20-дан аса ән бар. Бостандық ауылында өткен әр мереке сайын ауыл жұртына, әсіресе, ұлттық жауһарды аңсаған үлкендердің көңілін серпілтіп, әнмен әлдилеп келеді.
Айта кеткен жөн, әжелердің ең үлкені Мағрипа әжей 82 жаста. Бәрі де бала өсіріп, немере-шөбере сүйген жандар. Мінеки, жас кезінде өмірге ұрпақ әкелсе, ал енді оларды жеткізген шақта өнерге ұмтылып, бір өңірдің ілтипатына бөленіп жүр.
11 тамыз күні Бостандық ауылдық мәдениет үйінде «Асыл әжелер» ансамблі 15 жылдық мерейтойларына орай есептік концерттерін ұсынды. Сахнада әжелер ою-өрнек, көрпе қабу, ұршық иіру сынды түрлі қолөнер мен ісмерлікпен айналыса отырып, халық әні «Сусамырмен» концерт шымылдығын ашып, «Замандас», «Бипыл», «Біздің ауыл осындай», «Ауылым», «Әлі есімде», «Жайық қызы», «Немерем», «Ақмаңдайлым», «Желсіз түнде жарық ай», «Әгугай» әндерімен кешті әрмен қарай әрлей түсті.
Әжелер тек ән айтып қана қоймай би де билеп, домбырада да ойнап, көріністер де көрсетті.
Кеш Шөмішбай Сариевтің сөзіне жазылған жергілікті сазгер Дархан Даулетияровтың «Алға, қазақ елі!» әнімен қорытындыланды.
Әжелерді 15 жылдық мерейтойларымен құттықтай келген, осы ансамбльдің құрылуына мұрындық болған Қадырбек Мұқанов өзінің жылы лебізін арнап, қызықты естеліктерімен де бөлісті.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәлиолла Әбішев «Асыл әжелер» ансамбліне аудан әкімінің алғыс хатын табыс етсе, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Абзал Садықов та «Қазталов-жәрдем» қорының директоры Мұқанғали Бектілеуов, «Нұр Отан» БПҰ-ның төрайымы, осы ансамбльдің ұйымдастырушысы Алтын Ақбаева да құттықтауларын жеткізді. Ал, Бостандық ауылдық округінің әкімі Манарбек Сүндетов әжелерге ұлттық нақышта әшекейленген сахналық киім алып беруге уәдесін берді.
Мөлдір Әнуарбекқызы
Қазталов ауданы