17-18 қыркүйек күндері еліміздің бас қаласы Астанада «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» облыс күндері шеңберінде Батыс Қазақстан облысының күндері аясында ұйымдастырылған жәрмеңкенің екінші күні де сауда орталығы алаңынан табылған елордалықтар көп болды.
Түстен кейін Бейбітшілік пен келісім сарайында БҚО күндері аясында өткен концерттік бағдарлама елордалықтарға есте қаларлықтай кеш сыйлады.
Алдымен сарай фойесінде «Ақжайық – ару мекенім» атты облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрмесі ел назарына ұсынылды.
Орал қаласындағы Е.Пугачев музей үйінің меңгерушісі Виктория Нәжімеденованың айтуынша, БҚО музей корының жәдігерлері негізінде жабдықталған көрмеге 248 жәдігер қойылды.
Соның ішінде археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлер, облыс жетістіктері (білім, мәдениет, денсаулық т.б. салалар) жәдігерлер бар.
Құнды жәдігер ретінде археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған «Алтын ханшайым» жәдігері ерекше көз тартып, елордалықтардың қызығушылығын туғызғандығын атап өтуге болады.
Сонымен қатар «Жайық қалашығынан» табылған қыш құмыралар, плиткалар, өңірдегі кәсіпорындардың өнімдері мен жетістіктері, «Зенит» зауытынан шыққан кеме макеті, «Достық» үйінің макеті, Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушыларының жұмыстары т.б. жұмыстар көрмеден көрініс тапты.
Ақ Жайық өңірінің бағзы тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігіне қаныққан жұртшылық одан соң БҚО өнер шеберлерінің сазды бағдарламасын тамашалау үшін Бейбітшілік пен келісім сарайының концерт залына енді.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған концерт «Назерке» және «Ақжайық» халық биі ансамбльдерінің орындауындағы Е.Нұрымбетовтің «Жайықтың толқындары» шығармасына қойылған хореографиялық композициямен сахна шымылдығын ашты.
Ерліктері аңыз болған батырлар, бармағынан бал тамған дарабоз күйшілер, дауылпаз ақындар, күміс көмей әншілер туған қасиетті де киелі Ақжайық өңірінің өнер кеші көші үш жүзден ән оздырған сал Мұхиттың «Айнамкөзімен» өрілді. Әйгілі әнді асқақтата шырқаған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сәуле Таудаева халық қошеметіне бөленді.
Ару мекен Ақ Жайық жұртшылығының ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы орай жолдаған ыстық сәлемін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын, Ақ Жайықтың ақ шағаласы Ақұштап Бақтыгереева жеткізді.
Біз сонау Ақ Жайықтан, Оралданбыз,
Туған жер жусанынан нәр алғанбыз.
Ән-күйге бөленсін деп келіп тұрмыз,
Алашқа арман болған Ақордамыз.
Қараойда ойламаған батар деп күн,
Жолында басы кеткен қатал ниеттің.
Күйімен Құрманғазы бірге әкелдік,
Рухын өшпейтұғын Махамбеттің.
Мың өліп, тірілген шақ өтті дер ем,
Жас ұрпақ жанарыңнан отты көрем.
Мәңгіге желбіресін деп тілейміз,
Көк туы еркіндіктің көк тіреген, – деп жыр жолдарын арнады.
«Ақжайық» халықтық би ансамблі мен «Назерке» халық биі ансамблінің орындауындағы композициялық қойылымдар кеш шырайын ашып, Астана шаһарын одан бетер әрлендіріп, нұрландырып жібергендей әсер қалдырды.
Батыстың дәстүрлі әндерінің шеруін Ғ.Құрманғалиевтің «Сәлем, Қазақстан!» әнімен паш еткен Асхат Қажығалиев, Күләш Қуанышқалиева, Мирас Бақтығұловтарға көрермен ықыласы ерекше болды.
Құрманғазының «Бұлбұлын» домбыра үнімен жеткізген «Құрмет» орденінің иегері, белгілі күйші Ермек Қазиевтің өнері таңдай қақтырып, халықтың сұрауымен дәулескер күйшінің орындауында тағы бір күй тарттырса, халықаралық «Серпер», «Жұбанов көктемі» фестивальдерінің лауреаты Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің орындауындағы (көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, Мәдениет саласының үздігі Еркін Нұрымбетов) Құрманғазының «Серпері» жігерлендіре түсті.
Оркестрдің сүйемелдеуімен ән шырқаған «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қанатқали Қожақов, Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсынан «Естайдың термесін» орындаған Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев сынды өнер майталмандарына қошемет зор болды.
Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің эстрадалық-симфониялық оркестрінің орындауында қайталанбас туындылар орындалды.
Айта кету керек, азаттықпен бірге ұлттық рухымызды асқақтатып, мәдениетімізді мәңгілік құндылыққа айналдырған егемен елдің тәуелсіздік тойына тарту-таралғы жасаған батысқазақстандықтардың өнер кеші сал Мұхиттың әсем әнімен басталып, ойшыл ақын Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған белгілі сазгер Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен аяқталды.
Озық өнер үлгісін көрсеткен өнер шеберлеріне Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов пен Астана қаласының әкімі Әсет Есекешовтің атынан ықылас гүлдері табыс етілді.
Ертай БИМҰХАНОВ,
Астана қаласы
Суреттерді түсірген
Нұртас САФУЛЛИН
www.zhaikpress.kz