11.11.2016, 19:05
Оқылды: 97

«Жасыл ел» еңбек маусымын аяқтады

 %d0%b6%d0%b0%d1%81%d1%8b%d0%bb-%d0%b5%d0%bb-%d0%b7%d0%b0%d0%ba%d1%80%d1%8b%d1%82%d0%b8%d0%b5-3  БҚАТУ-дың акт залында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының XII-ші еңбек маусымының республикалық жабылу салтанаты өтті. Оған облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы қатысты.

   Еліміздің барлық аймақтарынан келген «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары қатысқан шара аталмыш ұйым бойынша республикалық штабтың жетекшісі Рахат Хамидуллиннің еңбек маусымының жабылуы туралы баянат беруімен басталды.


  «Жасыл ел» қозғалысын дамыту бойынша 16 аймақтық филиалдың 11 жыл бойына атқарған ынталы жұмысының нәтижесінде еліміз бойынша жалпы ауданы 133 797 гектар жер жасыл желекке оранған. Осы аралықта «Жасыл ел» қозғалысы бойынша 235 118 жас абыройлы еңбекке жұмылдырылған. Ал биылғы еңбек маусымында республикамыз бойынша 700-ден астам жасақ жасақталған. Бұл жасыл елдіктер қатары жыл санап артып келе жатқандығының айғағы. Биылғы ірі шаралардың бірі  «Отан ағаш» республикалық акциясы болды. Аталмыш акция аясында Тәуелсіздіктің 25 жылдығы құрметіне 25 мың түп көшет отырғызылды.

   - Бүгінгі шараның ерекшелігі  ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғаны. Тәуелсіздігімізді әрі қарай баянды ететін жастар. Елбасы да жастарға сенеді. Осыдан 11 жыл бұрын Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Жасыл ел» еңбек жасақтарын ұйымдастыру туралы тапсырма берген еді. Осы он жылдан астам уақытта 50 миллионға жуық ағаш егіліпті. Оған 200 мыңнан астам жас өз үлесін қосыпты. Соның арқасында еліміз гүлденіп, көркейіп келеді. Биыл ел Тәуелсіздігініің 25 жылдығына орай 25 мың түп ағаш отырғызылды. Сол 25 мың түп ағаштың соңғы, яғни, қорытынды 125 түбі кеше Орал шаһарында отырғызылғаны да көңілге қуаныш ұялатады. Сондықтан барша «Жасыл ел» сарбаздарына ризашылығымыз бен алғысымызды білдіреміз. Бүгінгі мереке баршаңызға құтты болсын! - деді облыс әкімі Алтай Көлгінов құттықтау сөзінде. Мұнан кейін өңір басшысына «Үздік сарбаз» аталымының жеңімпазын марапаттау құрметі тапсырылды. Бұл аталымға Жамбыл облысынан Досболат Тілеухан лайық деп танылды.

   Досболаттың ұйытқы болуымен Таразды көгалдандыруға арналған бірнеше сайыс ұйымдастырылған. Сөйтіп ол өзінің болашақ мамандығы бойынша да мол тәжірибе жинаған. Сондай-ақ, Алтай Сейдірұлы жуырда Петропавлда өткен «Мен чемпионмын» балалар спорттық жобасында өзінің намысқойлығымен ерекше көзге түскен жерлесіміз, 12 жасар Айбатыр Мырзабековке арнайы сыйлық табыс етті. Футбол киімі, доп және планшетке ие болған Айбатыр облыс әкіміне және барша жұртшылыққа алғысын білдірді.

   Салтанатты шарада «Нұр Отан» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен Бейнеу аудандық жастар ресурстық орталығына «Үздік жұмыс беруші» аталымын табыстады. Аталмыш мекеме былтыр Елбасының «Жасыл ел» бастамасын насихаттап, арнайы семинар ұйымдастырған. Ал биыл еңбек жасақтарының 523 мүшесін жұмыспен қамтыған.

   «Үздік жоба» аталымы бойынша жеңімпаз деп танылған Алматы облыстық филиалын марапаттау Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың ректоры Нұрлан Серғалиевке тапсырылды.

   Бұл филиал егін егу жұмыстарынан түскен қаражатқа жастарға арналған Workout алаңын жасауды көздейді. Ол үшін «жасыл елдіктер» Сарқанд ауданында 4,5 гектар аумаққа тұқым сеуіп, әр гектардан 50 тонна қант қызылшасын жинаған.

   ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің басқарма басшысы Мақсат Мәжитов «Үздік оқу орны» аталымы бойынша жеңімпаз атанған Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін марапаттады. Оқу орны «Жасыл ел» облыстық филиалы және республикалық штабымен тығыз байланыс орнатып, еңбек маусымында жұмысшы жастарды жатақханамен, іс-шараларды қажетті ғимарат, техникалық аппаратпен қамтамасыз еткен.

   «Үздік онлайн штаб» аталымы бойынша жеңімпаз атанған Павлодар облыстық филиалын марапаттау рәсімін «Қазақстан-Орал» телеарнасының директоры Асыланбек Ғұбашев жасады. Аталмыш филиал В контакте, Инстаграмм, Фейсбук желілерінде белсенділік танытып, барлық іс-шараларын БАҚ-та жариялаған. В контакте желісіндегі оқырмандарының саны 1833, фейсбукте 1019, инстаграмда 2187. Желі парақшаларындағы ақпараттар күн сайын жаңартылып отырған.

   Бокстан әлем чемпионы Галиб Джафаров Ернұр Сахалиевке (ШҚО) «Үздік менеджер» аталымын табыс етті. Жеңімпаз менеджерлік жұмысын тиянақты орындап, бірнеше мәрте марапатталған. Атқарған істерді әлеуметтік желіде жариялап, облыстық филиал жұмысын ұтқыр үйлестіре білген.

   Рио олимпиадасының жүлдегері Екатерина Ларионова «Жыл серпіні» және «Үздік жасақ командирі» аталымдарын табыс етті. Бұл аталымдар бойынша сәйкесінше Асқар Баймұқанов (СҚО) және Ақбота Қызырқызы (Алматы облысы) жеңімпаз атанды. Асқар Баймұқанов облыстық әкімдік, ішкі саясат басқармасы, облыстық орман шаруашылықтарымен жұмыс жасау жүйесін қалыптастырған. Оның басшылығымен қағаз қалдықтарын тапсыру арқылы жастар цех өндірісімен танысып, кейін жұмысқа орналасқан. Ал Ақбота Қызырқызының жетекшілігімен бірнеше сенбілік ұйымдастырылып, оның жасағы төңіректі көгалдандыру, ағаш егу жағынан алдына жан салмапты.

   «Үздік жасақ» аталымының жеңімпазы болған Қарағанды облыстық штабының жасағын «Қазақстан жастар конгресінің» атқарушы директоры Айдын Сәбитов марапаттады. Жеңімпаз жасақ шілде айында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орайластырылған «Туған қалам  менің аулам!» атты жоба аясында 22 ауланы абаттандырған, сондай-ақ, республикалық шара аясында ардагерлерге көмек көрсеткен.

   «Үздік жетекші» аталымын жеңіп алған Мерей Шәменовты марапаттау рәсімі Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Шахмардан Баймановқа тапсырылды. Мерейдің басшылығымен «Нұрлы жол» бағдарламасы нысандарымен жастарды жұмыспен қамту туралы келісім-шарттар жасалған.

   «Үздік штаб» аталымы бойынша Алматы және БҚО филиалдары жеңімпаз деп танылды. Аталым иелерін «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары республикалық штабының жетекшісі Рахат Хамидуллин марапаттады.

   Алматыда 1276, БҚО бойынша 1200 жас жұмыспен қамтылған. Қос филиалда жастар еңбекақысына қажетті қаражат бөлініп, имидждік іс-шаралар өткізу жүйелі жолға қойылған екен.

   Кеш барысында елімізге танымал өнер жұлдызы Серік Ибрагимов, сондай-ақ «Кешью», «Ринго», «Әуен» топтары салтанатты шараның көрігін одан әрі қыздыра түсті.

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале