Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығы Мемлекет басшысы айқындаған жаңа экономикалық саясат - «Нұрлы жол» бағдарламасымен, ондағы инфрақұрылымды дамыту жобаларымен ұштасқаны белгілі. Айта кетерлігі, индустрияландырудың бірінші бесжылдығында ұлттық экономика сипаты біршама серпінді өзгерістерге ие болды. Облысымызда бұрын шығарылмаған жаңа тауар түрлері өндіріліп, өңіріміздің экспорттық қуатын ұлғайтатын нысандар бой көтерді. Ең бастысы, бірінші бесжылдық аясында жұртшылық жаңа жұмыс орындарымен қауышты.
Осы жобалар аясында қолға алынған Ақжайық ауданы, Чапаев ауылы маңында тұрғызылып, ағымдағы жылы пайдануға берілген, қуаты тәулігіне 50 бас ірі қара малы етін өңдейтін «Батыс-Нық» ЖШС кешені өңірдің дамуына өз үлесін қосуда. Кәсіпорын ашуды жергілікті кәсіпкер, мал шаруашылығының маманы Алик Көбейсінов қолға алған. Күні бүгін кешеннің құрылысына 400 миллиондай қаражат жұмсалған. Жоба «Даму» қоры арқылы алынған несие және кәсіпкердің өз қаражаты есебінен салынды.
Бүгінгі күні кәсіпорын 15 ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта толыққанды жұмыс жасай бастағанда тағы да бірнеше жанды жұмысқа алмақ. Ет комбинатының алғашқы өнімдері облыс нарығына шығарылуда. Кәсіпорынға әкелінген ірі қара малына бірінші толықтай тексеріс жүргізіледі. Тексеріс жүргізген мал дәрігерінің рұқсатынан кейін ғана мал союға жіберіледі. Кәсіпорын ірі қара малының еттей салмағының әр келісін 700-1000 теңге көлемінде қабылдайды. Тапсырыс берушінің сұранысына қарай сиыр еті тұтас төшкелей немесе екіге, төртке бөлініп жіберіледі. Қажеттілігіне қарай етті сүйектен ажыратып, вакуумды қорапшаға салып та дайындайды. Бүгінде кәсіпорын Ақсай қаласындағы ҚПО б.в. шетел компаниясына және Атырау өңіріндегі «Тенгизшевройл» мұнай-газ компанияларымен келісімшарт жасасып, оларды сапалы сиыр етімен қамтуда.
Нұрбек ОРАЗАЕВ,