Облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев жұмыс сапарымен Тасқала ауданына барды.
Өңір басшысының орынбасары алдымен аудандық өрт сөндіру бөлімінде болып, мекеменің техникалық базасымен және ғимараттың жай-күйімен танысты. Тозығы жетіп тұрған ескі ғимаратты қарап шыққан Бағдат Оразалдыұлы аудан әкімі Санжар Әлиевке жаңа ғимарат салу жолын қарастыру керек екенін және өз тарапынан қолдау білдіретіндігін айтты.
Сондай-ақ, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімге ат басын тіреген облыс әкімінің орынбасары аудан басшысына ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізуді қолға алуды тапсырды.
Сонымен қатар, өңір басшысының орынбасары биыл күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан Шежін ауылындағы орта мектепке арнайы барып, жұмыстың жүргізілу тәртібімен танысты. Тексеру барысында БҚО білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева да болды.
– Жөндеу жұмысының нобайы аяқталғанымен әлі күнге қабырғасы әктеліп, еденіне төсемесі төселмеген. Оның үстіне, жылу жүйесі де толық аяқталмаған. Жұмысшылар саны да аз. Сондықтан мектеп биылғы оқу жылы басталғанша дайын болмайды.
Бүгіннен бастап, жұмыс күшін көбейтіп, 20 тамызға дейін мектеп толық дайын болу керек, - деді Бағдат Азбаев.
Рауан САТЫБАЛДИЕВ
Тасқала ауданы
www.zhaikpress.kz