11.11.2016, 14:15
Оқылды: 37

Зағиптарға мемлекеттік тілде сапалы баспа өнімдері қажет

Қыркүйек айынан бері www.zhaikpress.kz сайтында ақпараттардың аудио нұсқасы жариялана бастады. «Бұл біздің кітапхана үшін жағымды жаңалық болды. Зағип пайдаланушылар кітапханамызда Jaws бағдарламасы арқылы компьютерді еркін қолдана алады. Қазіргі кезде «Жайық Пресс» медиахолдингінің интернет-ресурсында жарияланған мақалалар мен ақпараттардың аудионұсқасын тыңдайтын оқырмандарымыздың саны 25-тен асты», – деді Батыс Қазақстан облыстық зағип және нашар көретіндерге арналған кітапхана директорының орынбасары Марфуға Айтқалева.


 

Мекеменің кітап қорында 41564 әдебиет болғанымен, оның басым көпшілігі орыс тілінде басылған. Кейбірін тарқатып айтсақ, 18685 дана жайпақ баспа кітап болса, соның 9144-і, бедерлі-нүктелі қаріп түріндегісі 10035 дана болса, соның 2704-і ғана, ал 10747 әдебиеттің 4012-сі таспаға қазақ тілінде жазылған. Қазіргі уақытта мемлекеттік тілде жарияланған әдебиеттер мен мерзімді басылымдарға сұраныс көбейіп келеді. Егер 2722 кітапхана оқырманының 2124-і қазақ ұлтынан екенін ескерсек, мұны заңдылық деп қабылдаймыз.

Өкінішке орай, елімізде бедерлі-нүктелі қаріп түрінде оқу құралдары мен мерзімді басылымдарды шығарумен айналысатын арнайы баспа мен сапалы баспахана жүйесін салу қолға алынбаған. Облыстық зағип және нашар көретіндерге арналған кітапхана қорына еліміздегі республикалық арнаулы кітапхана мен «Тифлосеривс» ЖШС-ның өз мүмкіндіктеріне қарай дайындаған әдебиеттері алынғанымен, бір жағынан, Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы Бүкілресейлік соқырлар қоғамының «Чтение» баспасы, Мәскеу қаласындағы «Чинар» баспасы мен «Медиа ЛАБ» орталығының өнімдерімен толықтыруға мәжбүр. Сонымен қатар  «Наша жизнь», «Для вас женщины», «Литературные чтения», «Литературный альманах», «Знание», «Детское чтение», «Молодежный форум», «Легкое чтение» сынды бедерлі-нүктелі қаріп түріндегі басылымдары да көрші елден келеді. Сондықтан елімізде зағиптар мүддесіне орай арнайы баспахананы қолға алу мәселесі идеологиялық тұрғыдан да өзекті.

Дегенмен кітапхана мамандары қол қусырып қарап отырған жоқ. Мәселен, кітапханадағы тифлоақпараттық-библиографиялық бөлімі DBT бағдарламасы арқылы зағип оқырмандар үшін ақпараттық материалдар топтамасы мен  шағын кітапшаларды шығарады.  Биыл бөлім қызметкерлері «Бір ел – бір кітап» акциясы  аясында  жырау Дулат Бабатайұлы мен татар ақыны Ғабдола Тоқайдың өлеңдерінің, Әзілхан Нұршайықовтың  «Махаббат қызық, мол жылдар» кітабының, композитор Шәмші Қалдаяқов  әндерінің мәтінін, Дина Нұрпейісованың күйлері туралы деректерді және ҚР Тәуелсіздігінің  25 жылдығына орай  «25 жыл - 25 жыр» өлеңдер жинағын басып шығарды. Ал кітапхананың дыбыс жазу студиясында жыл басынан кәсіби дикторлар 14 электронды басылым дайындап үлгерген. Оның 12-сі – қазақ тілінде.

Сөзімізді түйіндей келе, кітапхана қорына соңғы жылдары мемлекеттік тілде жарық көріп жатқан әдебиеттерді түрлі форматта ұсыну қажет екенін айтқымыз келеді. Бұл мәселенің шешімін табуға Үкімет тарапынан зор қолдау керек болып тұр-ақ.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале