Өткен айдың аяғында облыс әкімі Алтай Көлгінов Иран Ислам Республикасына жұмыс сапарымен барып, Тегеранда өткен кездесуде қос тарап өнеркәсіп, мұнайхимия және ауыл шаруашылығы салалары бойынша екі жақты келісімдер мен меморандумға қол қойғаны мәлім. Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов Иран Ислам Республикасынан келген инвестор Таваколь Ибраими мен голландиялық «КGS» компаниясының өкілі Андриес Коппертті қабылдады.
– Елбасымыз инвесторларға қолайлы жағдай жасауды алға міндет етіп қойғаны мәлім. Біздің тарапымыздан қандай мүмкіншіліктер бар, соны қарастыруға дайынбыз. Сіздерге сенімді серіктес ретінде қараймыз. Келгендеріңізге өте қуаныштымыз, – деді облыс әкімі Алтай Сейдірұлы меймандарды қош алған соң.
Облыс басшысының қабылдауына ризашылық білдірген Таваколь Ибраими облыста қолға алынатын басты жоба – аумаққа жылыжай салу үшін Иран тарапы инвестиция салуға әзір екендігін жеткізді. Мердігер ретінде тартылған «КGS» компаниясы құрылысты бір ай ішінде бастамақ. Яғни заманауи жылыжайды салуға голландиялық технология қолданылмақ. Жобаның алғашқы кезеңіне сәйкес құрылыс аумағы 40 гектарды құрамақ. Жылыжай өнімдері болашақта Ресей Федерациясына экспортқа шығарылмақ.
– Қазақстан Еуразиялық Одақтың құрамында болғандықтан, көптеген мемлекеттермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайды. Ауқымды экономикалық кеңістікке кіретін елімізге ирандық инвесторлар да Тегеранда өткен іскерлік кездесуде зор қызығушылық танытты. Нәтижесінде өңірімізге жаңа жылыжай салу үшін 176 миллион доллар құюға ниет етіп отыр. Біз шетелдік компаниялармен бірлесіп жұмыс жасайтын боламыз, – деді «Орал» ӘКК» ҰК» АҚ басқарма басшысы Ержан Балтаев.
Нұртай ТЕКЕБАЕВ
www.zhaikpress.kz