Еңбек күніне орай қаламыздағы Салтанат сарайында «Кәсіподақтар лайықты еңбек үшін!» атты дөңгелек үстел өтті. Облыстық кәсіподақтар орталығы ұйымдастырған шараға мемлекеттік қызметкерлер, кәсіподақ ұйымдарының өкілдері қатысты.
Шарада ҚР кәсіподақтары Федерациясының бейнеролигі көрсетіліп, облыстық кәсіподақтар орталығы, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, сондай-ақ еңбек инспекциясы басқармасы қызметкерлерінің тақырыпқа қатысты баяндамалары тыңдалды.
- Өкінішке орай күнделікті өмірде, өндірісте техникалық қауіпсіздік ережелері, еңбек құқықтары сақталмай жатады. Көптеген мекеме, ұйым жетекшілері бұл мәселеге тиісті деңгейде назар аудармайды. Бүгінгі дөңгелек үстелді ұйымдастырудағы мақсатымыз - қатысушыларды еңбек заңдарындағы талаптармен тағы бір мәрте құлағдар ету. Бүгінгі таңда көптеген құрылыс компанияларында, кәсіпкерлік субъектілерінде, сауда орындарында, өңдеу өнеркәсібі саласында кәсіподақ ұйымдары құрылмаған. Тіпті көптеген жастарымыз кәсіподақтың не екенін де білмейді. Ендігі мақсатымыз әрбір еңбек ұжымын кәсіподақ ұйымын құруға шақырып, еңбек заңдарының қатаң сақталуы бағытында жұмыстану, - дейді облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Ербол Салықов.
Жиын соңында Еңбек күніне орай бірқатар кәсіподақ белсенділері ҚР кәсіподақтары Федерациясының «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» белгісімен және Құрмет грамотасымен марапатталды. Жаңақала аудандық мәслихатының хатшысы, аудандық мемлекеттік банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Зәкәрия Сисенғалиға «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» белгісі табыс етілді. №8 облыстық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектептің кадр жөніндегі инспекторы, кәсіподақ ұйымының төрайымы Саулия Қанатова, «Қазақстандық салалық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіптік одағының Батыс Қазақстан облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Салауат Ағдаутов, «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» акционерлік қоғамының бас есепшісі, кәсіподақ мүшесі Вера Маштакова ҚР кәсіподақтары Федерациясының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ
«Орал өңірі»