Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері қазан айында білім беру басқармасының «Өркен» қосымша білім беру орталығымен бірлесе облыс мектептерінің 5-8 сынып оқушылары арасында сурет сайысын ұйымдастырды.
Бұл «Мен – болашақ құтқарушымын!» атауымен аталған балалардың сурет сайысы Қазақстан Республикасының Құтқарушылар күніне және БҚО ТЖД Жедел-құтқару жасағының құрылғанына 15 жыл толуына орай өткізілді.
Сайысқа 69 оқушының жұмысы қатысты. Әр жұмыс өзінше ерекшеленіпті. Әр түрлі техникалар қолданылған, қарындаш, акварель, гуашь, түрлі-түсті борлар мен фломастерлер қолданылған.
Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері мен облыстық білім беру басқармасының өкілдерінен құрылған сараптау комиссиясына сайыс жеңімпаздарын анықтау оңайға соққан жоқ. Көпшілік суреттер әдемілігімен және орындау техникасының қызықтылығымен ерекшеленді. Тақырыпты тереңірек аша білген суреттер де болды. Жеңімпаздарды анықтау кезінде балалардың көркемөнерпаздық қабілеттерін ғана есепке алмай, олардың өз жұмыстарына деген қиялдарына да аса мән бердік», - деп атап өтті жасақ басшысының орынбасары Нұрсұлтан Амангелдіұлы.
Сайыс жеңімпаздарын марапаттау жасақтың 15 жылдық мерейтойына орай оздырылатын салтанатты жиналыста өткізіледі.
Сайыста бірінші орынды «Мен құтқарушымын» суретімен Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданы Ұзынкөл жалпы орта білім беретін мектебінің 6 сынып оқушысы Ерсайын Аружан, 2 және 3 орындарды Орал қаласындағы С.Ғұмаров атындағы балалар өнер мектебінің оқушылары Калелов Марат («Су басу») пен Гохгальтер Екатерина («Суда құтқару») бөлісті.
БҚО ТЖД
Жедел-құтқару жасағы