Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 170 жылдығына орай ақын атындағы орталық алаңда «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» атты поэтикалық шара өтті.
Орал қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық кітапхана ұйымдастырған шара ұлы ақын ескерткішінің алдына гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды.
-Бүгін қазақтың ұлы ойшылы, кемеңгері Абай Құнанбаевтың туылған күні, 170 жылдығын атап өтудеміз. Осы орайда қаламызда «Абайтану» танымдық сағаттары, конференциялар, семинарлар өтуде. Елбасымыз Н. Назарбаев «Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды, қазақ халқын әлемге танытамыз» деген болатын. Абайдың қай шығармасы болса да білімге, өнерге, адамгершілікке насихаттайды. Ақынның мұрасы еліміздің рухани байлығы болып қала бермек, - деді жиында сөз алған қала әкімінің орынбасары Марс Сатыбалдиев.
- Адамның ішкі жан-дүниесін зерттейтін ғылымды жантану, яғни жүректану десек, Абайдың шығармаларында жүрек сөзі 69 рет әр түрлі мағынада кездеседі. Қандай нәрсені болсын жүрекпен ұғынып, жүректің қалауымен атқару керек. Кемел ақынның тілге тиек еткен арман-тілегін жас буынның орындайтынына сенемін, - деді М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың доценті Серікқали Шарабасов өз ойын білдіріп.
Шараға қатысқан мектеп оқушылары ұлы ақынның шығармалары мен аудармаларынан үзінді оқып, өнерлерін ортаға салды.
Гүлсезім БИЯШЕВА