Бүгін «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Батыс Қазақстан облыстық филиалында Бүкіләлемдік жинақтау күніне орай жаңа салымшылар үшін акция ұйымдастырылып, ашық есік күні өткізілді.
Аталмыш филиал директоры Айгүл Наурызалиеваның айтуынша, биылғы жылдың 31 қазанынан 4 қарашасына дейін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» салым шотын ашқан клиенттерді кепілдік сыйлықтар күтеді. Ал жаңадан салым ашқан салымшылар 5 қарашада сағат 12.00-де банк филиалының бас кеңсесінде өтетін бағалы сыйлықтардың ұтыс ойынына қатысады. Басты ұтыс ойынына қосымша банк онлайн режиміндегі фотожарыс басталады.
Өз суреттері үшін #ДеньЖССБК хештегімен барынша көп лайк жинаған әлеуметтік желі қолданушылары бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады. Жарысқа қатысатын суреттер науқан өткізілетін күндері банк филиалында түсірілуі қажет.
Сондай-ақ, банк филиалындағы ашық есік күні шарасына өткен жылы филиалдан 31 қазанда депозит ашқан және сыйлық ретінде жинақ сандықша (копилка) алған салымшылар да шақырылды. Бір жылдың ішінде өз жинақ сандықшаларында жинаған қаражаттарын банк клиенттері салтанатты түрде депозиттеріне салды. Сонымен қатар банк филиалы жетім балаларға арнап қайырымдылық қоржыны шотын ашты. Бұл қоржынға филиалы қызметкерлері және әркім өз қалауынша ақшалай үлес қоса алады. Айтқандай, жиын барысында өткен жылы жинақ сандықшасын ашқан, аталмыш филиалдың клиенті Назгүл Жетпісова өз қоржынындағы 19300 теңге жинағын қайырымдылық қоржынына ұсынды.
- «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Бүкіләлемдік жинақтар күнін 2015 жылдан бастап атап өтіп келеді. Бұл мейрам 1924 жылы Миланда өткізілген конгресстен бастау алған. Биыл бұл мерекені банк клиенттерімен бірге екінші рет атап өтудеміз. Банк филиалының 34 400 салмшысы бар,- деді филиалдың бизнесті дмыту бөлімінің бастығы Самал Қабесова.
Өткен аптада БҚО әкімдігі және «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Осы меморандум шеңберінде аталмыш банк желісі бойынша өңірде пайдалануға 60 мың шаршы метр тұрғын үй беру көзделген. Бұл мақсатқа облыс 4,089 млрд. теңге бөледі.
Жаңа тұрғын үйлер жергілікті атқарушы органдарының және «Бәйтерек Девеполмент» АҚ-ның желісі бойынша салынады. Несиелі бағдарлама бойынша тұрғын үйді те банк салымшылары сатып алатын болады. «Алдағы 2017 жылы облыста жергілікті атқарушы органдар желісі бойынша пайдалануға 4 тұрғын үй (481 пәтер) салып, салымшыларға беру жоспарланаған. Оның үшеуі Орал қаласында, біреуі Ақсайда болады», - деді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» БҚО филиалының директоры Айгүл Наурызалиева.
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында өңірдегі банк банк салымшыларына 800 пәтер салынбақ.
Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА
«Орал өңірі»