Бүгін «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Қазталов ауданы, Тереңкөл ауылдық округінің орталығы Нұрсай ауылында ауыз сумен жабдықтау жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталып, салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл шараға облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады.
Құрылыс жұмыстарын бас мердігер Кәримолла Жақыпов басшылық ететін "Құрылыс газ" ЖШС жүргізді. Жоба құны 247 миллион 500 мың теңгені құрайды. Он бір айда орындалады деп жоспарланған жобаны аталмыш серіктестік 3 ай жарым уақытта бітірген. «Кең дала» шаруа қожалығының жетекшісі Әбуғали Ғұмаров серіктестік басшысына ризашылығын білдіріп Кәримолла Жақыповқа ауылдастары атынан ат мінгізді.
Қазіргі таңда ауылдық округтегі 136 үйдің 126-сына ауыз су кіргізілген. Қалғандарына су тарту жалғасуда. Облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев су кіргізілген үйлерді аралап көрді.
Сондай-ақ Тереңкөл орта мектебі «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуден өткен. Бас мердігер - «БатысСтройСервис» ЖШС жөндеу жұмыстарын уақытында аяқтады. Жоба құны - 162 миллион 636 мың теңге.
Нұртас Набиоллаұлы