Бүгін Орал қаласында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған марафон өтті. Қала күніне арналған шаралар аясында өткізілген спорттық жарыс Абай алаңынан бастау алып, Достық, Еуразия даңғылдарының, Шаған жағалауы көшелерінің бойымен П.Атоян стадионына дейін 3000 метр қашықтыққа жүгірді.
Жарыс жолына 2500-ден астам оралдық шықты. Олардың қатарында БҚО әкімі Алтай Көлгінов, мекемелер мен кәсіпорындардың басшылары, сондай-ақ біздің олимпиадашылар, Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Екатерина Ларионова болды.
Марафоншыларға облыс басшысы Алтай Көлгінов сәттілік тіледі.
Жарыс соңында қатысушылар бес аталым бойынша марапатталды. 80 қызметкері қатысқан «БҚО бойынша Азаматтарға арналған Үкімет мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес АҚ “Ең үздік спорттық ұйым” деп танылса, Наргиза Мирзоеваға «Ең креативті қатысушы» аталымы берілді. Келязевтер жанұясы «Спорттық отбасы», жеті жасар Ибрагим Жетпіс «Ең жас қатысушы», София Иманғалиева «Ең ересек қатысушы», Сандуғаш Жұмағұлова «Ең нәзік қатысушы» аталымдары бойынша марапатталды.
Барлық жеңімпаздарға грамоталар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Фото Айбатыр Нураш
www.zhaikpress.kz