Бұл туралы бүгін митингті ұйымдастыру комитеті мәлімдеді. Оралдағы «Шағала» қонақүйінің конференц-залында баспасөз мәслихатын өткізген Талғат Қатауов, Ерболат Хайрушев, Берікболат Төлепбергенов, Ерік Жәкібаев есімді азаматтық белсенділер өңір журналистеріне даулы мәселеге қатысты ой-пікірлерін білдірді.
- Біз бұған дейін Батыс Қазақстан облысы бойынша 21 мамырда бейбіт митинг ұйымдастыру комитетін құрған болатынбыз. Митингіні өткізу туралы Орал қаласы әкімінің атына өтініш жазған едік. Алайда соңғы кезде халықты көшеге шығуға шақырған ақпараттардың көбейіп кеткені бізді ойландырды. Оралдағы «Абырой» қоғамдық бірлестігі мен оның белсенді белсенді мүшесі Жанат Есентаевтың әртүрлі қитұрқы әрекеті, халықты майданға шақыруы бізді алаңдатты. Есентаевтың «Енді мені тек майдан күтіп тұр» деген сөзі бұған дәлел. Осындай нәрсені көп таратып отыр. Бұл – нағыз арандатушы. Өз мақсаттарын көздеген арандатушылардың кесірінен біреудің қаны мен аналардың көз жасын мойнымызға алғымыз келмейді. Барлық бейбіт митингіні жауапкершілікке алған ұйымдастыру комитетіне, яғни бізге облыс халқы мен оралдық тұрғындардың тыныштығы, жастардың өмір қауіпсіздігі мен бостандығы, мемлекетіміздің тұтастығы мен елдің ынтымақ-бірлігі аса маңызды, аса құнды. Соған байланысты 21 мамырда бейбіт митинг өткізуден бас тартамыз. Біз 64 адамнан тұратын азаматтық белсенді топ өзара пікірлесе келіп, «Арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтіндей» етіп жердің жалға берілмеуін биліктен талап ету үшін мәдениетті жолды таңдауды ұйғардық. ҚР Парламентіне талап-өтініш хатымызды табыс ету және халықтың ұсыныс-пікірін жеткізу үшін облыс және қала әкімімен, құқық қорғау органдары, жер комитеті және білім басқармасы басшыларымен кездесуді дұрыс деп тауып, бірауыздан ортақ шешімге келдік. Біз, яғни ұйымдастыру комитеті мүшелері ешқандай діни немесе саяси партияларда мүше емеспіз. Біз тек жер мәселесі туралы заңды талабымыз бен ұсыныс-пікірімізді жоғары билікке жеткізу үшін қараша халықтың ортасынан шықтық. Біз ешқашанда біреудің мүддесін көздемейміз және саяси ойындарға араласпаймыз. Еліміздің тыныштығы мен ұлтымыздың қауіпсіздігін сақтау үшін бір мәмілеге келіп, жер мәселесі туралы облыс халқының әр түрлі пікірдегі ашу-наразылығын бірлесе шешу үшін және облыс халқы атынан Парламент депутаттары мен Үкімет мүшелеріне жазылған өтініш-хатты тапсыру үшін облыс әкімдігімен, облыстық мәслихаттың депутаттарымен, облыстың зиялы қайраткерлері және өнер адамдарымен арнайы кездесуді сұраймыз, - деді Талғат Қатауов.