8.05.2016, 21:52
Оқылды: 88

Оралда  «Майдан әндері» сахналанды

Screenshot_2016-05-08-21-32-37-1Бүгін Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында жазушы Роллан Сейсенбаевтың «Майдан әндері» атты моноспектаклі Ұлы Жеңіс күні қарсаңында өңірдегі соғыс және тыл ардагерлерінің назарына ұсынылды. Қазақстанның халық әртісі, актер Тілектес Мейрамов кейіпкерлерді бастан-аяқ бір өзі сомдап шыққан бұл қойылымды қалың көрерменмен бірге облыс әкімі Алтай Көлгінов те тамашалады.


Screenshot_2016-05-08-21-32-45-1Қан майданнан аман келген Садыр Байбарысов бір мекемеде отыз жылдай ревизор болып еңбек етеді. Қашан да ән айтып жүретін ол ішіп алса, майдан даласында салған әндерін әуелетеді. Түсінде де сұрапыл соғысты, қандыкөйлек досы Григорий Авиловтың оққа ұшқанын, Днепрде өткен соңғы түндерін, жаралы мерген орыс қызын бір түн арқалағанын көреді. Осылайша актер Т.Мейрамов бір өзі ауыр тағдыр иесінің образына кіріп, көрерменін біресе күлдіріп, біресе жылатты. Өткен жылы Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында Ұлы Жеңістің 70-жылдығына орай тұсауы кесілген бұл қойылымды Ақ Жайық өңірінің өнерсүйер қауымы жылы қабылдады.

Screenshot_2016-05-08-21-32-55-1Моноспектакльден кейін сахнаға көтерілген облыс басшысы Алтай Көлгінов Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында шақыртуды қабыл алып, қойылымды оралдықтардың назарына ұсынғаны үшін Тілектес Уахитұлына алғыс айтты.

– Соғыс туралы көп айтылды,  көп көрсетілді. Бірақ майдангерлер соғыстан кейін қандай күй кешті, бейбітшілік өмірде олардың орны қандай болды, қоғам қалай бағалады, не сезінді, соның көрінісін көрдік. Бірақ қоғам біледі, соғыстың аты – соғыс. Сол батырлар бізге бейбіт өмір сыйлады. Ардагерлер арамызда отыр. Оларға басымызды иеміз,- деген Алтай Сейдірұлы жиналған қауымды Жеңіс күні мерекесімен құттықтады.

«Менің әкем соғысқа қатысқан, сұм  соғыстың зардабынан 63 жасында қайтыс болды. Әкем менің өнерімді көре алмады. Сіздерді, соғыс ардагерлерін көргеніме бақыттымын. Мереке құтты болсын!», - деген халық әртісі Тілектес Мейрамов Ұлы Жеңіс күні қарсаңында соғыс және тыл ардагерлеріне, жастарға қойылымды көрсетуге шақырту жасап, жағдай туғызған өңір басшысы Алтай Көлгіновке, мәдениет саласының басшыларына алғысын білдірді.

www.zhaikpress.kz

Гүлбаршын ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале