М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, әдебиеттанушы ғалым, артына жарқан із қалдырған Серікқали Шарабасовтың 70 жылдық мерейтойына байланысты «Ұмытылмас есім: ұстаз, ғалым, тұлға» атты республикалық ғылыми-тәжірбиелік конфереция өтті.
М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың бірінші проректоры, тарих ғылымдарының докторы Әсет Тасмағамбетов алғы сөз сөйлеген соң, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің қазақ əдебиеті жəне әдебиет теориясы кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Зинол-Ғабден Бисенғали пайымы зор, парасатты тұлға туралы сыр шертті. Ал ҚР БҒМ ҒК А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты лексикология бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Жамал Манкеева «Қазақ әңгімелеріндегі сөздің лингвомәдени әлеуеті» тақырыбында баяндама жасаса, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы «С.Шарабасов прозасы тілінің лексика-семасиологиялық айшықтарына» тоқталды. Ал М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті «Махамбет» гуманитарлық зерттеулер институтының директоры, педагогка ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев Ақ Жайық өңірінде әдебиеттану және абайтану саласында Серікқали Ғабдешұлына пара-пар ғалым болмағанын атай келіп, ұстаздың ой-толғам, нақылдарының маржандай қымбат, мұхиттың терең екеніне мысал келтірді. Конференцияда облысқа танымал ақын-жазушылар мен зиялылар өз естеліктерімен бөлісті. Атаулы шара барысында биыл ғалымның университет баспасынан жарық көрген «Көкжиек» пен «Ойтолғақ» кітаптарының тұсаукесері өтті. Алғашқы еңбекте профессордың қазақ әдебиетіндегі әңгіме жанрына қатысты ғылыми зерттеулері топтастырылса, екінші кітапқа публицистикалық жазбалары мен ұстаз туралы көзкөргендердің естеліктері енген.
Нұртай Текебаев
www.zhaikpress.kz