Ауыл тұрғындары, округтегі мал мамандарының қатысуымен ауданның Сулыкөл ауылдық округінен бастау алған алқалы мәжіліс түстен кейін аудан орталығында жалғасты.
Аудан әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиевтің төрағалығымен өткен аталмыш жиналыста күн тәртібіндегі өзекті мәселе ауылдық тұтыну кооперативін құру жұмыстары туралы кеңінен айтылды.
Атаулы мәжіліске Батыс Қазақстан облыстық ауылшаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Алмат Есболов қатысты. Алмат Есболұлы ауылдық тұтыну кооперативтерін құрудың маңыздылығы мен тиімдімділігі туралы айтып, жиналысқа қатысушыларға мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді тұтыну кооперативтерін құру арқылы пайдаланудың тиімді жолдары туралы түсінік берді.
Бұның басты бағыты мал шаруашылығын дамыту, ірі қара тұқымын асылдандыру арқылы малдан сапалы әрі мол өнім алу екендігін алға тартқан Рашит Нәсіпқалиұлы өзекті мәселені өз деңгейінде жүргізу үшін шаруа қожалықтары мен ауыл тұрғындарына кеңінен түсіндіріп, ауылдық тұтыну кооперативтерінің тиімділігін насихаттау қажеттігін айтты.
Жиналыстың күн тәртібіндегі мәселеге орай Қаратөбе ауылдық округінің маманы Артур Райсов және тағы да басқалар сауалдар қойды.
Ерболат РАЙСОВ
Қаратөбе ауданы