22.08.2016, 12:12
Оқылды: 65

Тәртіп сақшыларының қайырымды істері

IMG_9145Жыл сайын Батыс Қазақстан облысында  1-қыркүйек білім күні қарсаңында «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылады. Осы акция аясында тұрмысы аз қамтылған, көп балалы  және отбасында мүмкіндігі шектеулі, мүгедек балалары бар жанұяларға, жетім  балаларға  бірнеше мекеме мен ұйым, еңбек ұжымдары қайырымдылық көмегін жасаудан аянып қалған емес. Яғни, мектепке қажетті оқу құралдар, әдемі портфельдер, жылы киім-кешектер мен спорттық костюмдер, тәттілер сыйлап, балғындарды қуантуда.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай  және  «Жақсылық жаса» мақсатын ұстанған осынау керемет акция барысында Батыс Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің қызметкерлері бір күндік жалақыларын жинақтап, мүмкіндігі шектеулі, жетім, тұрмысы нашар балалардың керек-жарақтары үшін  бүлдіршіндер оқып-тәрбиеленіп жатқан мектебінің   есепшоттарына аудару туралы бірауыздан шешім қабылдады. Атап атқанда, 22 тамыз күні БҚО ІІД ғимаратының шағын мәжіліс залында БҚО ІІД бастығының орынбасары полиция полковнигі Берік Өтеулин    БҚО әкімдігі білім басқармасы «Облыстық балалар үйі» мемлекеттік мекемесі, «Көшім балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесі», БҚО әкімдігі білім басқармасының «Зерде бұзылыстары бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп интернаты» мемлекеттік мекемесі директорларына сертификат табыс етті.

Сертификатқа ие болған мектеп директорлары «Берсең балаға бер, алдыңнан жарылқасын» деген нақыл сөзді алға тартып, тәртіп сақшыларының қайырымдылықтарына шынайы ризашылықтарын айтты.

-Алдыңғы, былтырғы оқу жылында дәл осындай акция аясында жақсылық жасадыңыздар. Былтырғы оқу жылында берген қаражаттарыңызға балалар бөлмесіне қажетті жиһаздар сатып алдық. Биылғы жылы орталықтандырылған ойын кешенін құрсақ деп жоспарлап отырмыз. Мектеп ұжымының атынан алғысымызды айтамыз деген Көшім балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесінің директоры Кемел Сәдбеков БҚО ІІД басшылығына балалардың қолымен жасалған әдемі торсық сыйлады.  БҚО әкімдігі білім басқармасы «Облыстық балалар үйі» мемлекеттік мекемесінің директоры Рысжан Наурызова қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларына рахметін айтып, БҚО ІІД ЖПҚ бастығы полиция полковнигі Манарбек Ғабдуллинге «Алғыс хат» тапсырды.

Өз кезегінде БҚО әкімдігі білім басқармасының «Зерде бұзылыстары бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп интернаты» мемлекеттік мекемесінің  директоры Бауыржан Абдрахманов мектеп ұжымы және балалар атынан риясыз алғысын айта келе, 9 класс ұлдарының қолымен дайындалған  кемені  табыстап, сәттілік тіледі.

Тәртіп сақшыларының шын ниетімен көрсетілген көмегі олардың білім алып, егеменді еліміздің адал азаматы ретінде қалыптасуына өз ықпалын тигізеді деп үміт артамыз десті департаменттің басшы құрамы.

«Жақсылық жаса» мақсатын ұстанған игі бастамалар алдағы күндері де жалғасын таба бермек.

 

БҚО ІІД баспасөз қызметі

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале