Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жолға шыққан «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Орал қаласына келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Республикалық шараға қатысушыларды Ақ Жайық жұртшылығы темір жол вокзалынан құрметпен қарсы алды. Осындағы алаңда өткен салтанатты митингіде БҚО әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев мәртебелі меймандарға қош келдіңіз айтып, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай қолға алынған мұндай шаралардың мәні зор екендігін атап көрсетті.
«Жиырма бес жыл ішінде еліміз қол жеткізген көптеген табыстарды баяндап, Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, «Мәңгілік ел» идеясын халыққа жеткізу мақсатында белгілі қоғам қайраткерлері, бірқатар министрліктер өкілдері мен түрлі сала мамандары, Мәжіліс депутаттары келіп отыр. Олар тұрғындармен кездесіп, елімізде атқарылған нақты істерді мәлім етіп, өз ой-толғамдарымен бөліспек», - деді Б.Азбаев.
«Еліміздің батыс қақпасы саналатын Оралға келгенімізге қуаныштымыз. Біз Батыс Қазақстан десек, көне тарихымызға көз жүгіртеміз. Сонау Бөкей хандығынан шығып, Ресейдей алып мемлекеттің атақты қолбасшысына айналған Ғұбайдолла Жәңгіров сияқты ұлыларымызбен мақтанамыз. Кешегі қанқұйлы соғыста майданға аттанып, батыр атанған, сөйтіп халқымыздың атын шығарып, рухын шыңдаған Мәншүк Мәметова сынды қыздарымызбен мақтанамыз. Батыс Қазақстан дегенде, Бақытжан Қаратаев сынды Алаштың туын көтерген алып тұлғалар еске түседі. Батыс Қазақстан десек, ежелгі әдет-ғұрпымыз, салт-дәстүріміз сақталған, бірлігіміз бен елдігімізді ту еткен жерденбіз деп, кеудемізді көтеріп жүреміз. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық торқалы тойын атап өтер тұста Астанадан Елбасы тапсырмасымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен шыққан «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы халық пен биліктің, ел мен үкіметтің арасындағы көпір іспеттес. Біз халықпен бірге болайық, әлеуметтік мәселелері болса, соны шешейік деп келдік», - деді «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы штабының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ халықаралық қатынас кафедрасының профессоры Әміржан Әлпейісов.
Аталмыш пойыздың сапарына байланысты Оралда 18-19 қараша күндері кездесулер мен басқа да іс-шаралар жоспарланған. Соның ішінде мамандар әлеуметтік, құқықтық, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік мәселелері, зейнетақы төлемдері, тұтынушылар құқығын қорғау бойынша тұрғындарды қабылдап, кеңес береді. Мысалы, облыстық денсаулық сақтау басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, облыстық диагностикалық орталыққа білікті мамандардың алдына ауруы күрделі адамдар келіп, ақыл-кеңес алмақшы. Сол секілді жуырда Оралдағы кафелердің бірінде тамақтан уланып, сальмонеллез ауруы анықталған тұрғындар моральдық және материалдық тұрғыда өз құқықтарын қорғау үшін заң қызметкерлерінің көмегіне жүгінбекші.