Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне спорт министрлігі Тілдерді дамыту жəне қоғамдық-саяси жұмыс комитеті 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында "Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде" атты мемлекеттік тілді насихаттау шараларын ұйымдастыруда.
Достық үйінде өткен баспасөз мəслихатында жоба авторы, "Ұлт тағдыры" қозғалысының төрағасы Дос Көшім 22-26 тамыз аралығында Бөрлі, Зеленов, Теректі аудандарында, Орал қаласында мемлекеттік орган жəне құқық қорғау қызметкерлерімен, тұрғындармен бірнеше кездесу өткізгенін айтты.
Шараның мақсаты - орыстілді азаматтар арасында мемлекеттік тілдің мəртебесін көтеру, этнос өкілдерін бірлікке шақыру. 2014 жылы басталған жоба аясында Қостанай, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарында түрлі шаралар өткен. Дос Көшім журналистермен мемлекеттік тіл мəртебесі төңірегінде емін-еркін пікір алмасты. Брифингке облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Махамбет Мəтенқожа мен БҚО əкімдігі "Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау, біліктілігін арттыру жəне мемлекеттік тілді оқыту орталығының" бөлім меңгерушісі Болат Жексенғалиев қатысып, ой қозғады.
Нұртай Текебаев
www.zhaikpress.kz