Қазақстан халқы Ассамблеясына Қазақстан Республикасы Президентінің мерзімінен бұрын сайлауын өткізу туралы бастама көтеріп, еліміздің барлық өңірлерінен көптеген азаматтар хабарласуда.
Қазақстан халқы Ассамблеясы осы маңызды мәселе бойынша ұстанымын білдіруді өзінің азаматтық борышы деп санайды.
Әлемдік экономикалық дағдарыс пен күрделі халықаралық жағдай орын алып отырған тұста сайлау өткізу туралы жалпыхалықтық бастаманың көтерілуі уақыт талабы болып табылады.
Жаһандық сын-қатерлер кезеңінде еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанды дағдарыстан алып шығуына мүмкіндік беретін жаңа сенім мандаты берілуі қажет.
Әлемде тұрақсыздық орын алған жаңа әрі күрделі кезеңде еліміз стратегиялық бағытынан айнымай, Қазақстанды жаңғырту және дүние жүзінің озық 30 елінің қатарына енуі үшін Елбасы Н. Ә. Назарбаевқа сенім білдіру қажет.
Сонымен қатар Елбасына сенім мандатын білдіру арқылы әлемдік дамудың жаңа кезеңінде халқымызды біріктіріп, мемлекетті дамытудағы маңызды мәселелерге ден қоюға мүмкіндік аламыз.
Бүгінде «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» бағдарламасын және «Қазақстан-2050» ұзақ мерзімді Стратегиясын жүзеге асыру үшін бар күш-жігерімізді біріктіру керек.
Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясат төңірегінде топтасу арқылы еліміздің одан әрі қарқынды дамуы мен азаматтардың әл-ауқатын арттыруға қол жеткізе алатынымызға сенімдіміз.
Сондықтан осы күрделі заманда біз барша қазақстандықтарды Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың төңірегінде топтасуға шақырамыз.
Президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу арқылы экономика өсімін нығайту, жүргізіліп отырған саясаттың сабақтастығын қамтамасыз ету маңызды. Бұл бастамаға шын мәнінде басқа балама жоқ.
Сонымен бірге ендігі 2016 жылы президенттік және парламенттік сайлаулар бір мезгілге сәйкес келеді. Конституция нормаларын бұлжытпай орындау мақсатында екі сайлауды әртүрлі кезеңдерде өткізген жөн.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Отанымыздың орнықты дамуымен алға жылжуына бағытталған бастамаларды қашанда қолдап келді және болашақта да солай бола бермек.
Осы жалпыхалықтық бастаманы көтере отырып, қазақстандықтар тарапынан да, халықаралық қауымдастық тарапынан да қолдауға ие боламыз деген сенімдеміз, өйткені біз халқымыз бен еліміздің биік мүддесін көздеп отырмыз.
Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай!
Қазақстан жылдан-жылға гүлденіп, әлемнің белді әрі беделді мемлекетіне айнала берсін!
Біз, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесі мүшелері, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттар тобына Қазақстан Республикасы Президентінің мерзімінен бұрын сайлауын өткізу туралы бастама көтерсін деп үндеу жолдаймыз.
Қазақстандықтар әлемнің ең озық отыз экономикасы қатарына енуге мүмкіндік беретін «Қазақстан-2050» Стратегиясын жалғастыруды қалайды!
Қазақстандықтар «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» бағдарламасын қолдайды!
Қазақстандықтар ішкі саяси тұрақтылықты нығайтуды, одан әрі дамуды қалайды!
Біз барша Қазақстан халқын, саяси партияларды, азаматтық секторды және еліміздің патриоттарын Қазақстан Республикасы Президентінің мерзімінен бұрын сайлауын өткізу туралы бастаманы қолдауға шақырамыз!
Астана, 2015 жыл 14 ақпан