С. Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығы жанындағы Қазталов Халықтық театрының ұжымы Ш.Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» атты қойылымды көрермендерге ұсынды.
Бұл қойылымда адамдардың өмiрдегi бастарынан өткерген тағдырлары баяндалады. Жол бойында кездейсоқ танысқан ауыл қызы Әсел мен көлік жүргізушісі Ілияс пәк сезімдер арбауына түсіп, шынайы махаббаттың кейіпкерлері атанады. Ата-анасының рұқсатын алмай, аттастырылған жігітіне қарамай, Әсел Ілиястың етегін ұстайды. Алайда, қас-қағым сәтте, олар бастарына қонған бақтан айырылып, әрқайсысы өз жөнімен кете барады. Әсел өзінен үлкен азаматқа қосылып, ортада қалған Самат бүлдіршін өзге жанды әке деп кетеді. Өзегінде өкініш өрті лауласа да, өткенді қайтара алмайтынын түсінген Ілияс жаңа өмір сүруге қадам басады.
Адамның жүрек түкпiрiндегi жалғыз-ақ дүние – ол махаббат сезiмi. Тек оны әрқайсысы өзiнше түсiнiп, өзiнше сезiнедi. Қалай десеңiз де, бұл – өмiр және әркiмнiң өзiнiң пешенесiне жазылған тағдыры болады. Бұл қойылымда да сол өмiрдегi адамдардың бастарынан өткерген тағдырлары баяндалады. Бас кейіпкер – қарапайым көлiк жүргiзушiсi Iлияс. Жұмыс бабымен жүрiп ерекше жағдайда арманы Әселi, қызыл орамалды Шынарымен танысады. Кездейсоқ таныстықтықтың соңы кiршiксiз сезiм, үлкен махаббатқа ұласып, қос ғашық жолдарында тұрған кедергiлердiң ешбiрiне қарамастан шаңырақ көтередi. Көп ұзамай нәрестелi де болады. Алайда, жұмысына жанымен берiлген Iлиястың ойға алған “идеясының” жүзеге аспай қалуы, отбасы бақытының тас-талқанын шығарады. Жеңiлгенiн мойындағысы келмеген кейiпкер жан жылуын жанұясынан емес, өзгенiң, яғни қызметтес танысы Қадишадан iздейдi.
Қойылым аяқталды. Залда отырған көрермендердің көз алдына Әселдің мұңды жүзі, адал махаббаттың баянсыз махаббатқа ұласуы көздеріне жас ұялатты. Өмірде аяғын шалыс басқан Ілияс тағдырын да кінәлауға болмайды. Ал, Бәйтемір бейнесі де азаматтықтың биіктігін көрсеткендей болды.
Міне, осының бәрін жеткізе білген жергілікті өнерпаздардың маңдай терінің арқасы. Киелі сахнада өздерінің бойындағы өнерлерін халыққа жеткізе білу – үлкен күш жігерді қажет етеді. Бұны бағалай білген де дұрыс. Жарайсыңдар, аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері!
Қойылымдағы рөлдерді сомдаған Халықтық театрдың әртістері Қайрат Абдулов (Ілияс), Данагүл Жұмабаева (Әсел), Тауасих Тақаев (Бәйтемір), Оралхан Ерғалиев (Әлібек), Мерлан Нұролла (Жантай), Балғаным Ғұбашева (Қадиша), Мұрат Ахметов (Басқарма), Ерәлі Абдулов (Самат), Элнара Ғабдуллина (Қыз) және музыкамен көркемдеуші – Мерболат Қабошев, суретші – Бисен Садықов, қойылым режиссері Данагүл Жұмабаева.
Осындай мағыналы да әсерлі қойылымды сахналаған мәдениет қызметкерлеріне аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова аудан әкімінің алғыс хатын табыстап, жұмыстарына шығармашылық табыс тіледі.
Әсем БОЛАТ
Қазталов ауданы