Жәнібек ауданы Қамысты ауылында сәні мен сәулеті жарасқан жаңа мешіт бой көтеріп, пайдалануға берілді. Құрылыс жұмыстары өткен жылы бастау алған құлшылық ордасының ғимараты жергілікті халықтың қолдауымен тұрғызылған.
Мешіттің ашылу салтанатында аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин барша жиналғандарды құттықтап, өз лебізін білдірді.
- Бұл игі іс бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген барша ауыл тұрғындарының қажырлы еңбегінің жемісі. Мешіттің бой көтеруіне үлес қосқан әрқайсыңызға ризашылығымды білдіремін. Жаңа мешіт имандылық пен жақсылықтың ұйытқысы болсын. Әрдайым еліміздің тыныштығы мен бірлігінің сақталуына қызмет етсін, – деген аудан басшысы мешітке кілем тарту етті.
Лента қию рәсімінен соң, аудандық орталық мешіттің бас имамы Есенболат қажы Абдуғалиев жаңа ашылған мешітте алғаш рет Құран аяттарын оқып, ата-баба рухына дұға бағыштады. Мұнан кейін Алланың жердегі үйінде дастархан жайылып, жамағат астан дәм татты.
Жаңа мешітте келушілерге барлық жағдай жасалған. Мұнда намаз оқитын үлкен зал, кітапхана мен қосымша бөлме бар.
Д.ОСПАН
Жәнібек ауданы