8.07.2016, 16:47
Оқылды: 48

Қос өңірдің әріптестігі ел әлеуетін еселейді

Pavlodar Oral   Оралдағы «ҚПО б.в.» компаниясының бас кеңсесінде Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарының арасындағы аймақаралық кооперация шеңберіндегі әріптестік бойынша кеңес өтті.

    Жиынды ашқан облыс әкімі Алтай Көлгінов Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов бастаған делегация  мүшелеріне Ақ Жайық өңіріне қош келдіңіздер дей келе, басқосудың мақсаты қос өңірдің арасындағы қарым-қатынасты нығайту екенін атап көрсетті.


    –Елбасының берген тапсырмасына сәйкес өңірлер арасындағы қарым-қатынасты дамытуға мүмкіндіктер мол. Өңірімізде ең ірі кен орындарының бірі Қарашығанақ  мұнайгаз конденсатты кен орны орналасқан. Кен орнында ірі трансұлттық шетелдік компаниялар инвестор ретінде жұмыс жасап, еліміздің және өңіріміздің экономикасының дамуына қомақты үлес қосуда. Мұның өзі Қазақстандағы инвестициялық ахуалдың сәйкесінше жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Елбасы да өңірлердің инвестициялық тартымдылығын мейлінше арттыру, өңіраралық кооперацияны нығайту  міндеттерін қойып отыр. Жаңа ашылған ғимаратта басқосуымыз бекер емес, өйткені делегация құрамында бізге инвесторлар келіп отыр.  Осындай кездесулер үшін ол да оң септігін тигізеді. Батыс Қазақстан облысы - аграрлық, индустриалдық өңір. Көптеген өндірістік кәсіпорындар бар. Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға мүмкіндіктер бар. Бүгінгі кездесу екі өңірдің арасында жақсы қарым-қатынасты  дамытып, әрі қарай нығайтуға септігін тигізеді деген сенімдеміз, - деді Алтай Көлгінов.

   Одан кейін сөз алған Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов екі өңірдің арасындағы қарым-қатынасты нығайту бағытындағы іс шаралардың ұйымдастырылғанына ризашылығын білдірді. «Бизнес делегация құрамында облыстағы кәсіпорын-ұйымдардың басшылары, ірі кәсіпкерлік өкілдері келіп отыр. Олар металлургия, машина жасау, құрылыс индустриясы, ауыл шаруашылығы салаларында тығыз байланыс орнатуға дайын. Алдағы уақытта іскерлік байланыс орнатып, нәтижелі жұмыстар жасаймыз», - деді  Болат Бақауов. Оның айтуынша, өңіраралық әріптестіктің астары отандық тауарларды сатып алуда, отандық кәсіпкерліктің қызмет көрсетуіне жүгінуде. Тапсырыстарды орналастыру кәсіпорындардың табысын еселейді. Мұның өзі кәсіпорынды сауықтырып қана қоймайды, сонымен бірге күллі еліміздің, өңірлердің экономикасын өрге сүйрейді. Соңғы жылдары индустриаландыру бағдарламасы шеңберінде   Павлодар облысында машина жасау, металлургия, химия, агроөнеркәсіп салаларында 80-ге жуық жаңа өндіріс орны құрылған. Павлодарлық өндірісшілердің  батысқазақстандық мұнайгаз кәсіпорындарымен әріптестік  байланыс тәжірибелері бар. «KSP Steel» - Қазақстандағы мұнайгаз саласына жіксіз (бесшовный), болат трубаларын шығаратын тұңғыш кәсіпорын. Бұл компания Ресейдегі және еліміздегі мұнайгаз компанияларын өз өнімдерімен қамтуда. «Біздің өнеркәсіптік әлеуетіміздің ауқымы әлдеқайда кең әрі сан түрлі»,- деп түйіндеді сөзін Болат Жұмабекұлы.

   Қос өңірдің арасындағы әріптестікті дамытуды көздеген жиынға Павлодар өңіріндегі болат трубалар, болат дайындамалар, кабельдік-өткізгіштік өнімдер, жылу сақтайтын материалдар, энергетикалық жабдықтарды жөндейтін кәсіпорындардың, ауыл шаруашылығы саласынан қағаз, май өңдейтін, астық өндіретін, раушан гүлін өсіретін және өзге де компаниялардың өкілдері қатысты.  Сондықтан екі жақты әріптестікті дамытудың өндірістік нұсқалары аз емес. Өңірде пайдалы металл қазбасы мен көмірдің 39, жалпы кең таралған пайдалы қазбалардың  104 кен орыны бар. Ресурстық әлеуетті толық пайдалану мақсатында «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы құрылып, жұмыс істеуде. Батыс Қазақстан облысы сияқты бұл өңір де Ресеймен шектеседі. Облыс аумағынан Сібір нарғына шығатын теміржол көліктік дәлізі (Оңтүстік Сібір және Орталық Сібір теміржол магистралі) қалыптасқан. Жалпы өңір басшысының айтуынша, Павлодар облысы Қазақстанның дамыған индустриялық өңірлерінің бірі болып табылады. Дамыған халықаралық және аймақаралық байланыстар, дамыған өндірістік базалар, табиғи ресурстар, көліктік-логистикалық инфрақұрылымның болуы Павлодар облысының инвестициялық тартымдылығын күшейткендей.

   Басқосуда павлодарлық тараптан «Казэнергокабель» АҚ-ның бас директоры Олег Крук, «KSP Steel» ЖШС-ның директоры Эдуард Креймер өздері басшылық жасайтын кәсіпорындардың тыныс-тірлігімен таныстырды. Голландтық технологиямен күніне 25 мың дана раушан гүлін өсіріп, еліміздің біздің өңірден өзгесін түгел дерлік қамтып отырған  «Green Нouse KZ» жылыжай кешенінің директоры Айтмағанбет Сәрсенбекұлы бір құшақ гүлін әкеп, Алтай Сейдірұлына ұсынып, өз өніміне жақсы жарнама жасады. «Машзавод» машина жасау компанияларының консорциумының операторы «Зениттехсервис» ЖШС директоры Көшербай Айғожаұлы оралдық машина жасаушылардың әлеуетімен таныстырып, әріптестерін ҚПО нарығына кіру үшін консорциумға мүшелікке шақырды.  Сондай-ақ кездесуде ҚПО-ның өндірістік қызметі, жобаларды кеңейту келешегі, жергілікті үлесті дамыту шараларын іске асыру мақсатында Павлодар облысының өнердірістік кәсіпорындарының ҚПО-ның сатып алулар үрдісіне қатысу мүмкіндігі сөз болды. ҚПО «ҚПО б.в.» компаниясының бас директоры Ренато Мароли өткен жылы Павлодар облысында болып, бірқатар кәсіпорындардың өндірістік әлеуетімен танысқанын, өндірілетін труба, кабель және химия өнімдерін көріп-білгенін айтып өтті. Бас директордың айтуынша, бүгінде ҚПО-ның деректер базасында 3800-ден астам қазақстандық кәсіпорын тіркелген. 1997 жылы Өнімді бөлу туралы түпкілікті келісімге (ОСРП) қол қойылғаннан бергі уақыт ішінде ҚПО-ға отандық компаниялармен жеткізілген тауарлардың, көрсетілген қызметтердің жалпы құны 5,5 млрд. АҚШ долларынан асты.

    Аймақаралық кооперация шеңберінде өткен кеңестің соңында Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері арасында экономиканың түрлі салаларында  өзара әріптестік туралы меморандумға өңір басшылары Болат Бақауов, Алтай Көлгінов қол қойды.

    -Батыс Қазақстан облысында Қарашығанақ жобасын кеңейту жоспарланған. Кәсіпорындарымыздың ішінен «KSP Steel»  компаниясының әлеуеті күшті. Оның өнімдері Ресейге, еліміздің барлық өңірлеріне шығарылады. Сондықтан компанияның өнімдері кен орнын кеңейту жобасына қатысатын болады. «Казэнергокабель» компаниясының кабель өнімдері Ресейге, ел нарығына шығарылады. Соынман қатар құрылыс материалдары да нарықта сұранысқа ие. Өңір кәсіпорындарының өнімдері қазақсатндық үлесті арттыруға үлестерін қосса дейміз, - деді Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов журналистерге берген сұхбатында.

   Облыс әкімі Алтай Көлгіновтың айтуынша, облысымыз бұған дейін  Алматы, Маңғыстау, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарымен әріптестік жөнінде келісім жасаған. «Павлодар облысының делегациясымен кездесудің пайдалы жағы көп. «Зениттехсервис» консорциумы «KSP Steel», «Казэнергокабель»  зауыттарымен әріптестік орнатуға ынталы. Ауыл шаруашылығы саласындағы бірқатар кәсіпорындар өзара байланыс орнатуға ықыласты. Мұндай кездесулер өзара әріптестікті нығайтуға жол ашады»,- деді облыс басшысы Алтай Көлгінов.

   Жиыннан кейінөңірге келген павлодарлық меймандар Оралдағы «Орал трансформатор зауыты», «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы». «Стекло сервис» ЖШС-лардың өндірістік базаларында болып, олардың жұмыстарымен танысты.

www.zhaikpress.kz

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале