Семинарда Облыстық прокуратурада ҚР Бас прокуратурасының жанындағы құқық қорғау орындары Академиясының, Қазақстандағы Фридрих Эберт атындағы қор және аталмыш органның арнайы прокурорлар басқармасының бастамасы бойынша «Азаптау және басқа да қатігез қарым-қатынас пен жазалаудың түрлерін тергеу мен құжаттау қағидаттары. Стамбул хаттамасы» атты бір күндік семинар болып өтті. Оған құқық қорғау орындарының қызметкерлері және заңгерлер, сарапшы медициналық қызметкерлер қатысты. Семинар онлайн тәртібімен жүргізіліп, оның жұмысына аудандық прокуратуралар да қатысуға мүмкіндік алды.
Алқалы жиынды облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов ашып, қатысушыларды құттықтады және азаптау ахуалына жол бермеу, тиімді тергеу жөніндегі заманауи үлгілерді белгілейтін оқыту семинарының маңыздылығын атап өтті. Облыстық прокуратураның арнайы прокурорлар басқармасының бастығы А.Кенжеғалиев, ҚР Бас прокуратурасының құқық қорғау орындары Академиясының қызметкері Д.Найманова, Астана қаласындағы Фридрих Эберт атындағы қор неміс қоғамдық қауымдастығы өкілдігінің басшысы З.Шутовалар сөйлеп, ой-пікірімен бөлісті. Сонымен бірге З.Шутова қор және оның жұмысы жөнінде әңгімеледі.
Аталған іс-шара облыстық прокуратураның алаңында өңірлік деңгейде алғашқы рет өткізіліп отыр. Ол Стамбул хаттамасының ұсыныстарын пайдалана отырып, азаптауды қолданудың жағдаяттарын сапалы тергеу және медициналық құжаттаудың дағдыларын, әдістерін қолдануға арналған. Жалпы алғанда, адамды азаптау мен қорлау-қоғамға қауіпті қылмыстың бірінен саналады. Өйткені азаптау мен қинаудың салдарынан әлемде, соның ішінде елімізде талай адам мүгедек болып қалды немесе жазылмас ауруға дертке ұшырайды. Жындыханаға түсу мен құқық қорғау орнында өзін-өзі өлтірушіліктің кейбір салдарына азаптау мен қинау себепші. Өкініштісі сол, кез келген адамның заңды құқықтарын бұзып, ар-намысын таптайтын осы қылмысты дәлелдеу өте қиын. Сондықтан өткен ғасырдың сексенші жылдары түрік заңгерлерінің бастамасымен адамды қинау мен азаптау жолын кесу және алдын алу жөнінде Стамбул хаттамасы қабылданды. Қазір осы маңызды халықаралық құжат бойынша әлемде іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асудаастаналық тәуелсіз заңгер, құқық қорғаушы А. Ибраева Стамбул құжаттамасы, адам құқықтарын қорғау және басқасы жөнінде тренинг өткізді. Ал Астана қаласындағы Сот медицинасы орталығының ғылыми және әдістемелік қамту бөлімінің басшысы А. Ақанбеков, Семей қаласындағы медуниверситеттің Павлодар бөлімшесінің психиатрия және наркология курсы үшін жауапты маманы С.Молчанов адамды азаптап қинаудың түрі, оның зардаптары туралы, ахуалды құжаттау жөнінде дәрістер берді. Сонан соң, олар семинарға қатысушылармен машықтық жұмыс жүргізді. А.Кенжеғалиев пен Д.Наймановалар қатысушылар арасында анкеталық сауалнама ұйымдастырды. Соңынан қатысушыларға сертификат табыс етілді.
С.Ізбасарұлы