Бөрлі ауданында «Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау қызметін жүзеге асырудағы қызметтік этика және жоғары рухани-адамгершілік ахуал» атты ауданаралық дөңгелек үстел өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Ж. Каналин төрағалық еткен бұл шара барысында қоғам мен мемлекет ерекше сенім білдіріп отырған мемлекеттік қызметтің мәні мен мазмұны, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесі жөнінде айтылды. Алдымен сөз алған ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департамент басшысының орынбасары А. Жұбаныш мемлекеттік қызметшілердің қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық стандарттарына ерекше тоқталды. Жалпы облыста қызметтік әдеп нормаларының сақталуын және мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі стандарттарын бұзудың алдын алу бойынша жұмыстанатын әдеп жөніндегі уәкіл бекітілген. Ол сонымен қатар өз функциялары шегінде мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға консультация беретін мемлекеттік қызметші болып табылады. Жаңадан құрылған әдеп жөніндегі кеңесте жыл басынан бері 39 лауазымды тұлғаға қатысты тәртіптік іс қаралған. Оның 12-сі құрамында құқықбұзушылықтар болмауына байланысты тоқтатылған. Сонымен қатар 27 тәртіптік іс бойынша сәйкесінше жаза қолданылған. Оның ішінде 10-на әдеп жөніндегі талаптарды сақтамағыны үшін, 17-не мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін тәртіптік жаза берілген. Сондай-ақ 9 ескерту және 18 қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту берілген. Осы жартыжылдық бойынша жүргізілген талдауға сәйкес облысымызда 472 мемлекеттік қызметші әртүрлі тәртіптік жазаға тартылса, оның жиырма пайызы әдеп нормалары бұзылғаны үшін тәртіптік жазаға тартылып отыр. Баяндамашы айтқандай, мемлекеттік қызметшілер тарапынан болатын құқық бұзушылықтар көбінесе қоғамдық орында мас күйде болу және көлікті мас күйде айдау болып отыр.
Ясипа Рабаева