Қыркүйектің 12-сінде қасиетті Құрбан айт басталады. Мейрам кезінде мұсылмандар құрбан шалып, жоқ-жітікті жарылқауға асығады. Биыл, бір ерекшелігі, Орал қаласында бұл діни рәсімді атқарудың жөн-жосығы өзгермек. Яғни, құрбан малы жылдағыдай мешіттердің аулаларында емес, арнайы белгіленген орындарда сойылады. Бұл жайында ҚМБД-ның БҚО бойынша өкіл имамы Руслан Сұлтанов «Нұр Отан» партиясының кіші мәжіліс залында өткен брифингте мәлімдеді.
Бұған бірнеше себеп бар көрінеді. Бір жағынан, санитарлық-ветеринарлық шаралар ұйымдастыру мәселесін реттеуге оң ықпал етеді. Бір жағынан, жұрт легі бірыңғай ағылатын болғатын соң мешіт орналасқан көше бойында жол-көлік қозғалысы қиындайды. Яғни, қауіпсіздік мәселесі туындайды. Сонымен қатар, бұл өзгеріске құрбан малын бауыздаған сәтті фотомен көрсетіп, Ислам діні туралы керітартпа түсінік қалыптастырғысы келген бірқатар басылымдардың жарияланымдары түрткі болуда.
Облыстың бас имамы қалада айт намазы таңғы сағат қыркүйектің 12-сі күні 7:50-де басталатынын, одан бұрын мал союға болмайтынын ескертті. Айт үш күн тойланады, яғни қыркүйектің 14-інде аяқталады. Жағдайы бар адамдарға құрбан шалу – шариғатта уәжіп (міндет). Діни рәсім Орал қаласында «Ел ырысы» және «Заря Востока» базарларында, «Кублей» және «Орал шұжықтары» ЖШС-ларында, «Құспанов С» жеке кәсіпкерлігі ғимаратында атқарылады. ҚМБД-ның БҚО бойынша өкіл имамы Руслан Сұлтанов қыркүйектің 5-інде облыстық орталық мешітте қасапшыларға арнайы семинар ұйымдастырылатынын, онда шариғат шеңберінде құрбандық малын сою қандай тәртіппен жүзеге асатыны және арнайы оқылатын дұғасы үйретілетінін айтты. Семинарға қатысқандарға куәлік беріліп, мал союға соларға ғана рұқсат етіледі. Қасапшылар әр сойыс үшін 500 теңге, қажетті құрылғысы барлар бас пен сирақтарды үйітуге 200 теңгеден алады.
Брифингте Орал қалалық ветеринарлық басқармасының бөлім басшысының орынбасары Асқар Ізтілеуов сөйлеп, әрбір малдың ветеринарлық анықтамасы тексерілетінін, мал сойылатын орындарға екі-үш маман барып, санитарлық тазалықты қадағалайтынын жеткізді. Сонымен қатар, қала аумағында шағын аудандардың мал союға белгіленген орындарға жақын орналасуына қарай тұрғындар үшін бару тәртібі белгіленуі мүмкін, ондай жағдайда бағыт реті алдағы уақытта қосымша хабарланады.
Руслан Тыныштықұлы тұрғындарға құрбандық малының бағасын негізсіз өсірмеуге шақырды және осы мақсатта бірқатар іс-шараларды қолға алатындарын мәлімдеді. Саудаға қойылатын мал қасапханалар маңында болады. Үш күн бойы Алла разылығына арналып сойылатын малдардың еті мұздатқышқа салынып, мекемелерден алынған тізім бойынша әлеуметтік жағынан әлжуаз отбасыларға бөлініп, арнайы жеткізіледі. Бұрынғыдай мешіттер ауласында таратылмайды. Сонымен қатар облыстың бас имамы жыл сайын малдың ішек-қарнын тегін берсе де, көбі тазартуға құлық танытпай, ысырап қылып жататынын тілге тиек етті. Биыл ішек-қарын аршуға және таратуға көмектесетін жандарды мал сойылатын орындарға тасымалдауға дұрыстап көңіл бөлінеді.
«Бұл діни мереке жүректерді жұмсартып, қайырымдылық жасауға сеп болады. Мейрам кезінде әр мұсылман айттауға, тума-туысқандарын жамағатты құттықтауға асығады, мейлінше сауапты іс жасауға асығады, - дей келе, бас имам құрбандық рәсімін атқаруға еріктілерді көптеп қатысуға үндеді.
Айта кетерлігі, мұсылмандар Құрбан айт қарсаңында Ислам дініндегі бес парыздың бірі қажылықты өтеуге аттанады. Биыл ҚМБД есебінше Меккедегі Қағбаны тауаб етуге 3 мың адам бармақшы. Біздің өңірден қажылыққа баратындардың алғашқы легі ұшаққа отырған.
Нуртай Текебаев