12.12.2016, 9:24
Оқылды: 92

Қазақстандық палуан еркін күрестен әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды

nurlan-bekjanovҚазақстандық палуан Нұрлан Бекжанов Будапешт қаласында олимпиадалық емес салмақ дәрежелеріндегі күрес түрлерінен өткен бірінші әлем чемпионатында күміс жүлдені иеленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


Қазақстан күрес федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Нұрлан Бекжанов 70 келі салмақта алдымен қырғыз палуаны Еламан Доғдырбекұлын 5:1 есебімен ұтса, екінші айналымда венгриялық Сомбор Гулясты 6:2 есебімен тізе бүктірді. Үшінші белдесуінде молдовалық Михаил Саваны 7:0 есебімен жеңді. Ал жартылай финалда жапониялық Нобуйоси Такоджимадан 10:6 есебімен басым түсті. Тек финалда ресейлік, Еуропа чемпионы, 2013 жылғы әлем біріншілігінің қола жүлдегері Могамед Курбаналиевке 4:8 есебімен есе жіберді.

Осы біріншілікте сондай-ақ тағы бір қазақстандық палуан Айым Әбділдина қола жүлдегер атанды.

БҚО-ның Сырым ауданы Бұлдырты ауылында туып-өскен Нұрланның алғашқы бапкері КСРО спорт шебері Асқар Саукелин болса, қазір Астана қаласындағы жаттықтырушысы - Асқар Әбдірашев.

Айта кетейік, Нұрлан Бекжанов - ересектер арасында еркін күрестен қазақ палуандарынан әлем чемпионатының финалында өнер көрсетіп, күміс жүлдегер атанған бірінші спортшы. Бұған дейін әлем чемпионатында Мәулен Мамыров 1997 жылы Красноярскіде, Дәулет Ниязбеков пен Дәурен Жұмағазиев 2011 жылы Стамбулда қола жүлдені иеленген болатын.

Елжан Ералы

www.zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале