5.07.2016, 8:30
Оқылды: 28

Өңірдің даму жоспарын таныстырды

Akim akparat    Облыстық қоғамдық кеңестің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Онда облыс әкімі Алтай Көлгінов өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық даму бағытында биылғы жартыжылдықта атқарылған жұмыстардың қорытындысы және 2020 жылға дейінгі облыс дамуының негізгі бағыттары жөнінде есеп берді.


        Өңір басшысының айтуынша, Қазақстанның «батыс қақпасы» саналатын аймағымыздың республикадағы орны ерекше. Қазіргі кезеңдегі әлемдік өзгерістерді ескеріп, облыс дамуының басым бағыттарын анықтау қажет. Яғни, өңірдің инвестицияларға қолайлы, аймақаралық әріптестікке ыңғайлы дамуының негізгі салаларына көңіл бөлінеді.

          -Мемлекет басшысы индустриаландыру бағдарламасының 2016 жылғы I жартыжылдықтағы жүзеге асырылу қорытындыларына арналған кеңесте «Біздің қызметіміздің басты мақсаты – халықты лайықты табыс деңгейімен қамтамасыз ете алатын жемісті түрдегі жұмыспен қамту ісі» деп айрықша атап өтті. Бұл мақсатқа біз жаңа сапалы жұмыс орындарын ашу, қолайлы еңбекке жағдай жасау, әрбір жұмысшының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау арқылы жете аламыз.

         Алдын ала мәлімет бойынша биылғы жартыжылдықтағы өндірістік өнімнің көлемі өткен жылғы тиісті кезеңнен 5,6 пайызға төмен болып, 534 млрд. теңгені құрады. Көрсеткіштің төмендеуіне жаһандық экономикалық жағдай әсер етті, яғни табиғи газ өндіру 13,4, газ конденсаты - 13,6, мұнай  - 2,4 пайызға төмендеді. Ал өңдеу өнеркәсібінде 13,2 пайызға өсім бар. Ол мұнай, металлургия, химия, құрылыс материалдары мен машинажасау салаларындағы өндіріс көлемінің артуына байланысты. Аудандар арасында өсім көрсеткішін облыс орталығы (70%), Бөрлі, Зеленов және Теректі аудандары (26%) қамтамасыз етуде. Негізгі капиталға 126,1 млрд. теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың салыстырмалы кезеңінен 38,6%-ға көп. Шағын және орта бизнестің де қосып отырған үлесі зор. Мұнда қазір 105 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отырған 46 мың субъект тіркелген. Жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрап отыр. Мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, 3 мыңнан артық жан жұмысқа тұрды. Үдемелі индустриалды-инновациялық даму, «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қамту-2020», «Нұрлы жол» сынды мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы өңірдің дамуына үлкен демеу болуда. Мәселен, бір ғана индустриаландыру картасы аясында облыста жалпы сомасы 330 млрд. теңгені құрайтын, 2300 жұмыс орнын ашуды көздейтін 42 жоба іске асуда. «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» шеңберінде тұрғындар 920 млн. теңге көлемінде шағын несие алды,-деді Алтай Сейдірұлы.

         Одан кейін облыс басшысы бүгінгі жағдайға талдау жасай отырып өңірдің алдағы даму барысына кеңінен тоқталды. Әкімнің сөзіне қарағанда, қазіргідей мұнай бағасы төмендеген уақытта экономиканың өсім қалыптастыратын жаңа жолдар іздеу керек. Соған орай облыстың ресурстық әлеуетін ескере отырып, экономиканың түрлі саласының даму, өңірдің бәсекеге қабілеттелігін артыру үшін мұнайхимия саласындағы машинажасау, агроөнеркәсіпкешені, кеме индустриясы, шағын және орта бизнес, көлік-логистика салаларына басымдық берілетін болады. Бұған облыстық географиялық жағынан қолайлы орналасуы да оң ықпал етпек.

Алдағы уақытта экономикалық ахуалды оңатумен қатар әлеуметтік мәселелерге де жете мән берілетін болады. Соның бірі – білім беру саласы. Қазіргі уақытта әкімдік мектептердің заманауи интерактивті құрал-жабдықпен қамтылуына баса назар аударып отыр. «BilimMediaGroup» компаниясымен бірлесіп ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде өңірдегі 100 мектептің электронды оқу жүйесі енуіне мүмкіндік туғызылмақ. Аталмыш жүйеге қосылатын мектептер саны жыл өткен сайын көбейе бермекші. Қазір ҚПО б.в. компаниясының әлеуметтік инвестициясы аясында Бөрлі ауданында балабақша, Орал қаласында жастар мен оқушылары сарайы, Ақсай қаласы мен Аралтал ауылдарында үйлер, Ақсайда дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Орал қаласында көп бейінді аурухананың құрылысы аяқталды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 1500 жұмыс орнын ашу мақсатында «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында қосымша 2 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінуде. Биылғы екінші жартыжылдықта 177 нысан жаңармақшы. Сонымен бірге 76 әлеуметтік нысанды жөндеп, абаттандыру көзделуде, оның 38-і білім, 19-ы мәдениет, 11-і әлеуметтік қамту, 8-і спорт нысаны.

-Баяндамда алдағы уақыттағы облыс дамуының негізгі бағыттарын атап өттім. Әрине, уақыт өте келе бағдарларымыздың жүзеге асыру тәсілдерін және механизмдерін толықтырып отырамыз. Атқарылатын бұл жұмыстар мемлекеттік органдардың, коммуналдық ұйымдардың, әр түрлі деңгейдегі депутаттардың, қоғамдық кеңес мүшелерінің және облысымызға жаны ашитын барша азаматтың ортақ еңбегі арқылы жүзеге асады. Сол себепті бәріміз бірігіп, алдағы мақсат-міндеттерді ойдағыдай орындаймыз деп сенемін,-деп сөзін қорытындылады Алтай Көлгінов.

www.zhaikpress.kz

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале