«Төрт тоқсан - Төрт өнер» ұлттық мәдени-ағарту жобасы аясында еліміздің түкпір-түкпірінде «Ақындар айтысы» байқауы өтті.
Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі хабарлады.
Жас айтыскерлердің сайыстарында 400 мыңнан астам оқушы сөздің өткірлігі, афоризмдер мен теңеулердің әсемдігі, ой мен қиялдың ұшқырлығы бойынша бақ сынасты. Олар өз өлеңдерін достық пен бейбітшілікке, бірлік пен келісімге, ана тілінің құндылығына арнады.
«Ақындар айтысы» байқауы осындай кең ауқымда республика бойынша алғаш рет өткізіліп отыр, бұл шара барлық білім беру ұйымдарын біріктіріп қана қоймай, білім алушылардың бойында еліміздің тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттырады, ақындардың дәстүрлерін жалғастырады»,- деп бөлісті Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Раиса Шер.
Атап өтейік, ауқымды іс-шарада оқушылар «Бәдік», «Жар-жар», «Жұмбақ айтысы», «Қыз бен жігіт айтысы», сондай-ақ «Жануар мен адамның айтысы» мәнерінде сайысып, нағыз поэтикалық ортаны қалыптастыра алды.