Әлемнің 180 елінің мемлекеттік туын жатқа білетін Астана қаласындағы мектептердің бірінің оқушысы 6 жасар Ерген Дүйсенбек Оқу-ағарту министрлігінде болып, еліміздің бас ұстазы Ғани Бейсембаевпен кездесті. Кездесуге Ерген өзінің тулар жинағын әкеліп, білімділігін көрсетті. Сондай-ақ, ол осы елдердің барлығына баруды армандайтынын айтты, деп жазады ҚР Оқу-ағарту министрлігінің telegram каналында.
«Мен әлемнің барлық мемлекетінің туын білемін, бірақ соның ішіндегі ең әдемісі –
біздің елдің Туы. Мен есейгенде атақты адам болып, көк байрағымызды бүкіл әлемге танытып, көкке көтергім келеді», – деді 6 жасар Ерген Дүйсенбек.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бірінші сынып оқушысы Ерген Дүйсенбекпен әңгімелесіп, оған грамота мен естелік сыйлықтар табыс етті. Министр Ергеннің ата-анасына ақылды және тәрбиелі ұрпақ тәрбиелегендері үшін алғыс айтты.
zhaikpress.kz