2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексі қолданысқа енеді. Корпоративтік және жеке табыс салығы, әлеуметтік және акциздік төлемдер, сондай-ақ арнайы салық режімдеріне қатысты өзгерістер бар. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатына қатысқан спикерлер осы жаңалықтар жөнінде ақпарат берді.

– Салық – ел бюджетінің негізгі кіріс көзінің бірі. Экономиканың жекелеген салаларының ерекшелігіне қарай салық салу үшін сараланған мөлшерлемелер қолданылады. Корпоративтік табыс салығын (КТС) төлеушілер бұрынғыдай заңды тұлғалар болып қала береді. Мемлекеттік орта мектептер енді КТС төлейді. Корпоративтік табыс салығының (КТС) базалық мөлшерлемесі – салық салынатын табыстың 20%-ы. Бірақ кейбір салаларға дифференцияланған. Мысалы, банк және ойын-сауық қызметі үшін жоғарылатылған мөлшерлеме – 25 пайыз. Ал әлеуметтік сала ұйымдары үшін 2026 жылы – 5 пайыз, 2027 жылдан бастап 10 пайыз төмендетілген мөлшерлемелер белгіленген. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер мен қайта өңдеушілерге салық мөлшері – 3 пайыз, ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі – 6 пайыз, – деп баяндады БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Ермек Алғазиев.
Оның мәліметінше, егер ұйым қызметкерлерінің басым бөлігі мүгедектігі бар адамдар болса, КТС бойынша жеңілдіктерге ие болады. Яғни ұйымды мүгедектігі бар адамдардың ұйымы деп тану үшін шартқа сай болуы керек. Мәселен, мүгедектігі бар қызметкерлердің орташа жылдық саны жалпы қызметкерлер санының кемінде 51%-ын құрауы керек. Мұндай ұйымдарға екі деңгейлі салық жеңілдігі көзделген. Егер штаттағы мүгедектігі бар қызметкерлер саны 3-тен 10 адамға дейін болса, есептелген КТС сомасы 50%-ға азайтылады. Ал қызметкерлер саны 10-нан асса, КТС-тан босатылады. Бұл мүгедектігі бар адамдардың тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттырса керек. Аванстық төлемдер бойынша шек 350 000 АЕК-тен 600 000 АЕК-ке дейін көтерілген. Салық төлеушілер дерекқорына қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша тіркеуге тұрған тұлғалар, сонымен бірге Қазақстан мен ЕАЭО кеден заңнамасына сай ел аумағына тауар импорттайтындар ҚҚС төлейді. ҚҚС мөлшерлемесі – 16%. Жаңа жылдан бастап тауар айналымы мен импортқа 16% қосылған құн салығы салынады.
ҚҚС төлеуден босатылатын немесе мөлшерлемесі төмен бірнеше кәсіп түрі бар. Дәрілік заттар, медициналық бұйымдар, олардың бөлшектері мен техникалық қосымша құралдарын айналымға және импортқа шығаруға төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі белгіленді. Атап айтсақ, 2026 жылдан бастап 5%, ал 2027 жылдан бастап – 10%. Отандық мерзімді баспа басылымдарын өткізу бойынша айналым мөлшеріне белгіленген ҚҚС мөлшерлемесі де 10%. Медициналық көмек-тің кепілдік берілген көлемі мен міндетті медициналық сақтандыру аясында Үкімет айқындаған тізбе бойынша орфандық (сирек кездесетін аурулар) және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуге арналған дәрілік заттарды өткізу және импорттау, медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен МӘМСаясында Үкімет айқындаған тізбедегі сирек кездесетін және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу үшін медициналық қызметтер көрсету ҚҚС төлеуден босатылады. Сонымен қатар ішкі туризм бойынша туроператордың қызметтері, отандық басылымның кітаптары, баспа түрінде кітаптар шығаратын қызметтер, арнаулы салық жүйесімен жұмыс істейтін кәсіпкерлер ҚҚС төлемейді.
Ел азаматтарының табыстарынан төленетін жеке табыс салығы (ЖТС) – 10%. Алдағы жылдан бастап негізгі өзгерістер бойынша прогрессивті мөлшерлеме шкаласы енгізіледі. Жылына 8500 АЕК-ке дейін табыс табатындарға 10% мөлшерлеме бойынша салық салынады. Ал табысы осы шекті мәннен асатындарға ставка мөлшері – 15%.
Медиаторлар, адвокаттар және нотариустар секілді жеке практикамен айналысатындар 9% ЖТС төлейді. Шаруа және фермер қожалықтарына ауыл шаруашылығы қызметінен түскен табысы үшін 3% жеңілдік мөлшерлеме сақталады. Жеке кәсіпкердің, шаруа немесе фермер қожалығының табысы 230 мың АЕК-тен аспаса – 10%, асып кетсе – 15% жеке табыс салығын төлейді.
2026 жылдан бастап әлеуметтік аударымдарға әлеуметтік салық салынады. Бұған дейін мұндай аударымдардан әлеуметтік салық ұсталған жоқ. Әлеуметтік салық көлемі – 6%. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін белгіленген мөлшерлеме – 1,8%. Әлеуметтік салық төлейтін жеке кәсіпкерлер немесе жеке практикамен айналысатын адамдар өзі үшін – 2 АЕК, әрбір жұмыскер үшін – 1 АЕК. Ал шаруа немесе фермер қожалықтары әлеуметтік салықты өздері үшін – 0,6 АЕК, әрбір жұмыскер үшін – 0,3 АЕК төлейді.
БҚО бойынша МКД түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Оксана Нигметуллина да кодекстегі өзгерістерге тоқталды. Оның айтуынша, салық режімдерін оңтайландыру мақсатында арнаулы салық режімдерінің (АСР) үш түрі: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін, оңайлатылған декларация негізінде және шаруа немесе фермер қожалықтары үшін енгізілді. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған АСР-ды жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбайтын, ҚР Үкіметі бекіткен тізбеге сәйкес рұқсат етілген қызмет түрлерімен айналысатын және ай сайынғы табысы 300 АЕК-тен аспайтын (2026 жылы шамамен 1,2 млн теңге) жеке тұлғалар қолданады. Олар ЖТС төлеуден босатылады және тек өз табысынан 4% мөлшерінде әлеуметтік төлемдерді төлейді. Яғни 2% – міндетті зейнетақы жарнасы (МЗЖ), 1% – әлеуметтік аударымдар (ӘА), 1% – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС). Оңайлатылған декларация негізіндегі АСР дегеніміз бұрынғы оңайлатылған декларация мен бөлшек салық режімдерінің бірігуі. Салықтың бұл режімін жылдық табысы 600 000 АЕК-тен аспайтын (2026 жылы – шамамен 2,5 млрд теңге), ҚР Үкіметі тыйым салған қызмет түрлеріне кірмейтін кәсіппен айналысатындар қолдана алады. Жалдамалы жұмыскерлер санына шектеу қойылмайды. Салық мөлшерлемесі – 4%. Ол мәслихаттардың шешімімен 50%-ға дейін төмендетілуі немесе арттыры-луы мүмкін. Егер жылдық табыс 24 000 АЕК-тен (2026 ж. – 99,1 млн теңге) асатын болса, жалақы қорының сомасына салық салынатын табыс азайтылады. Шаруа қожалықтары үшін кірістен ұсталатын салық мөлшері 0,5% болып қала береді. Мұндағы өзгеріс – бірыңғай жер салығының орнына жеке табыс салығы ұсталады. Салық мөлшерлемесі – 0,5%.
Оксана Валиуллақызы айтып өткендей, жеке тұлғалар 18 000 АЕК-тен асатын сомаға аутокөлік сатып алса, 10% акциз салығын төлеуі тиіс. Ал су және әуе көліктері үшін белгіленген шек – 24 АЕК. Алкоголь өнімі, коньяк, шарап, сыра және темекіге акциз мөлшерлемесі 10%-ға ұлғайтылды. Жаңа жылдан бастап энергетикалық сусындарға да салықтың жаңа түрі енгізілді. Бұл сусындар үшін акциз мөлшері – 1 литріне 100 теңге, ал 2030 жылы 240 теңге болады. Көлік құралдарына салынатын салық мөлшерлемелері қайта қаралған. Пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан көліктер үшін 0,7, ал 20 жылдан асса, 0,5 түзету коэффициенті қолданылады. Осылайша салық көлемі 30 және 50 пайызға төмендейді. Шаруа қожалықтары бір пикап үшін көлік салығын төлеуден босатылған. Заңды тұлғалар тек жылдық декларация тапсырады, ағымдағы есеп берілмейді.
Жер салығына қатысты да өзгерістер бар. Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге ағымдағы төлемдердің есебін (салық есептілігі) ұсыну жөніндегі міндеттеме алынып тасталды. Салық төлеуші тек жыл қорытындысы бойынша декларация тапсырады және тиісінше төлемді жүргізеді. Мақсатқа сай пайдаланылмайтын немесе заңнаманы бұза отырып пайдаланылатын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне салықтың базалық ставкалары 40 есе ұлғайтылады. Басқарма басшысының айтуынша, төленетін салық 300 АЕК-тен (1,3 млн теңге) аспаса, мүлік салығын бөліп төлеудің қажеті жоқ. Есептеу жылдық орташа мүлік құны бойынша жүргізіледі. Қайта бағалау кемінде әр үш жылда бір рет жүргізіледі. Салық есептілігінің нысандары 30%-ға қысқарған.
Уақытша қаржылық қиындықтар кезінде 1500 АЕК-ке дейінгі қарызы бар салық төлеушілер үшін кепілді бағалау және сақтандыру қажеттілігінсіз, кепілсіз бөліп төлеуге рұқсат беріледі.
Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»