– Біз тәртіп сақшыларын қолдауға әрдайым ерекше көңіл бөлеміз. Кейінгі жылдары полиция қызметкерлерінің жалақысы бірнеше рет өсіп, тұрғын үйді жалға алу құнына өтемақы төлеу енгізілді. Сонымен қатар әкімдерге жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын қызметтерге 30 пайыздық үстемақы белгілеу құқығы берілді. Менің тапсырмама сәйкес биылғы 1 қазаннан бастап жедел-іздестіру қызметі қызметкерлерінің еңбекақысы көтеріледі. Біз полиция қызметкерлерін құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан қорғауды жақсарту үшін кешенді шараларды жалғастырамыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент құқық қорғау органдарында қызмет атқарудың жастар үшін тартымды әрі мәртебелі болуы маңызды деп есептейді. Үздік полицейлерді көтермелеп, ерекшелеп, марапаттау ісін қолдайтынын білдірді. Сондай-ақ құқық қорғау органдарындағы қызмет тек артықшылық пен абырой ғана емес, халық алдындағы үлкен жауапкершілік екенін түсіну керек деп атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігі кадрлық әлеуетті ұдайы жетілдіруді, қызметкерлердің кәсіби біліктілігін және моральдық рухын нығайтуды қамтамасыз етуі қажет екенін айтты. Қазақстан полициясында отансүйгіштіктің, ашықтықтың, әрқашан адамдарға көмекке келуге дайын тұратын адалдықтың образы қалыптасуы керек. Бұл барлық тәртіп сақшыларының ойлау жүйесі мен мінез-құлқына түбегейлі өзгерістер енгізуді талап етеді.
Айта кетейік, осыдан тура 30 жыл бұрын Қазақстан полициясы құрылған болатын.