Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Дархан Қадыралиев Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты тамыз айында өтетін іс-шаралар туралы айтты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылды – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы деп жариялады. Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өту тарихи сәттерді ескере отырып, болашағымыздың айқын көрінісіне көз жеткізу болып есептеледі. Тамыз айында өтетін облыстағы іс-шаралар «Тәуелсіздіктің құқықтық негіздері. Құқық үстемдігі және азаматтық қоғам» тақырыбы аясында өрбиді. Санитарлық-эпидемиологиялық шектеулерді сақтай отырып, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы ауқымында бір ай бойы 100-ден астам іс-шара ұйымдастыру жоспарланған, – деді Дархан Қадыралиев.
Тамыз айында республикалық деңгейде екі іс-шара ұйымдастырылады. Яғни ҚР Тәуел-сіздігінің 30 жылдығына және Конституция күніне орай Шалқар – Орал тасжолы бойында 100 км қашықтықта веложорық өтеді. Бадминтоннан болатын қалааралық ашық турнирге Атырау, Ақтөбе, Ақтау, Орал, Ақсай қалаларынан және БҚО аудандарынан келетін жасөспірімдер қатыспақ. Облыстық деңгейде тоғыз іс-шара ұйымдастыру жоспарланған. Бірқатарын атап өтсек, педагог қызметкерлер арасында «Тәуелсіздік – тұғырым» атты облыстық эссе байқауы болады. Зейнет жасындағы ардагерлер шахмат, тоғызқұмалақ, дойбы, волейбол ойындары бойынша өтетін облыстық жарыста бақ сынайды. Сырым ауданында Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығына байланысты қазақ күресінен облыстық турнир ұйымдастырылады. Халықаралық жастар күніне орай облыс орталығында автокино үлгісімен отандық фильм көрсетілмек. «Тәуелсіздік құрдастары» тақырыбында 30 бейнеролик жарияланады, жастар жетістігі сараланады. Облыс бойынша кітапханаларда «Ата Заң – Тәуелсіздік кепілі» тақырыбында кітап көрмесі жасақталады.
Орал қаласында да қызықты іс-шаралар басталады. Шаһардағы мәдениет қызметкерлері «Өнер барысы» турнирінде сынға түседі. Абай күнін ұлықтау мақсатында «Ұлтының ұлы Абайы» атты әдеби іс-шарада шетелдік компания қызметкерлері ақын өлеңдерін оқиды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты «Dastur trend» ұлттық мәдени жобасы жүзеге асырылады. Жасөспірімдер арасында жағажай волейболынан қалалық кубок өтпек. Аудандарда өнерпаз жастар фестивальдері, танымдық байқаулар, ұлттық ойындар, әлеуметтік желі челлендждері, бұқаралық спорт жарыстары мен ашық турнирлер ұйымдастырылады.
– Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай тамыз айында бірқатар жаңа нысан ашу жоспарланып отыр. Орал қаласында жеке инвестиция есебінен сүт зауытының құрылысы аяқталады. Сүт зауытында 50 адамға арналған жұмыс орны ашылады. Тағы бір кәсіпкер неміс брендімен «SHRIST» аутокөлік жуу нысанын (12 жұмыс орны) іске қосады. Ауылдық елді мекендерде сегіз спорт және Street Workout алаңы, балаларға арналған үш ойын алаңы ашылады. Тамыздың 30-ы күні Жәнібек ауданында дене шынықтыру спорт кешені пайдалануға беріледі, – деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Дархан Қадыралиев.
Нұрлан Ғаппар,
zhaikpress.kz