Бүгінгі таңда облыста заңды түрде 9 конфессия аясында 83 діни бірлестік тіркелген. Оның ішінде 49-ы – ислам, 20-сы – православие, 2-еуі – католик, 10-ы – протестант, 1-еуі – «Ехоба куәгерлері», 1-еуі буддизм бағытында. Облыстық дін істері басқармасының басшысы Мақсат Раманқұлов діни саладағы өзекті мәселелер жайында қойған сауалдарымызға жауап берді.
– Мақсат Аралбайұлы, дәстүрлі діни наным-сенімді бұрмалайтын ағымдар әлі күнге түгелімен ауыздақтала қойған жоқ. Өңірдегі діни ахуалды, осы саладағы ұйымдарды қадағалау тиісті деңгейде жүргізілуде ме?
– Жалпы еліміздің заңдары бойынша мынау дін дәстүрлі немесе керісінше мыналар дәстүрлі емес деп бөлуге болмайды. Егер діни бірлестіктер заң талаптарына сәйкес тіркелсе, кез келген конфессия өкілі заң алдында тең құқыққа ие. Әрине, қоғам болғандықтан әртүрлі көзқарастағы адамдардың болатындығы заңды құбылыс. Дін ұстанатындардың да бағыт-бағдары әр алуан. Кейбір топтар заңға бағынғысы келмей немесе жасырын өздерінің наным-сенімдерін таратуға тырысады. Ондай топтар немесе ағымдар біздің елде де бар. Деструктивті элементі бар діни бірлестіктердің үгіт-насихат жұмысын ашық жүргізуге құқы жоқ. Республиканың аумағында дінге қатысты іс-әрекеттер ҚР «Діни қызмет және діни бірлестік туралы» заңы бойынша реттеледі. Сондықтан үгіт-насихат жұмысы заң шеңберінде ғана жүзеге асуы тиіс.
– Діни мазмұндағы ақпараттарды, діни әдебиеттерді таратуға шектеу бар ма?
– ҚР «Діни қызмет жəне діни бірлестіктер туралы» заңы 9-бабының 2-тармағына сəйкес ғибадат үйлерінде (ғимараттарында), рухани (діни) білім беру ұйымдарында, сондай-ақ арнайы белгіленген стационарлық үй-жайларда ғана діни əдебиет-ті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды таратуға рұқсат етіледі. Осы заңда көрсетілген жерлерден басқа орындарда діни кітаптарды, үгіт-насихат материалдарын таратуға немесе сатуға болмайды. Облыс аумағында ғибадат үйлерінен бөлек, кітап сатуға немесе таратуға 5 орын белгіленген.
– Сіздің айтып отырған заң талаптарын елеп-ескермей, тыйым салынған әдебиеттерді таратқандар болды ма?
– Биыл діни қарым-қатынас саласында облыста 16 әкімшілік құқықбұзушылық дерегі тіркелді. Соның ішінде діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де материалдарды Оlx.kz сауда алаңында және Instagram әлеуметтік желісі арқылы сатуға шығарғаны үшін 2 азаматқа әкімшілік іс қозғалып, әрқайсысына 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.
– Әлі күнге сәләфизм-уәхабизм ағымына тыйым салуға заңды тетіктер қабылданбады. Осы идеологиямен күресу мақсатында қандай іс-шаралар қолға алынды?
– Басқарма өңірдегі деструктивті діни ағымның өкілдерін оңалту, қайта қоғамға бейімдеу немесе алдын алу саласында жоспарлы түрде жұмыс атқарып келеді. Аталған жұмысқа мемлекеттік құрылымдар, қоғамдық ұйымдар, діни бірлестіктердің өкілдері және тағы басқа мекемелердің мамандары жұмылдырылған. Биылғы қаңтар-қазан айларында облыс бойынша 1160 адамды қамтыған 1806 жекелей кездесу өтті. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 101 адам қатерлі діни көзқарасынан бас тартып, қазіргі қоғам құндылықтарын мойындады. Бұл – жалпы теріс ағымдарға қатысты іс-шаралар. Сіздің айтып отырған топ өкілдерінен басқа да ағымдар бар. Сәләфизм ағымына заң бойынша тыйым салу жолдарын құзырлы ведомстволар қарастыруы қажет. Әйтпесе, ұдайы жат ағымдардың алдын алу бағытында ғана жүргізілетін іс-шараларды ұйымдастырумен шектелудеміз.
– Мешіт имамдары жат ағымдардың өкілдеріне қаншалықты тойтарыс бере алады?
– 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесіп, жат ағымның өкілдеріне қарсы іс-шаралар өткізудеміз. Былтыр аталған басқарманың жанынан оңалту орталығы құрылды. ҚМДБ-ның БҚО өкілдігі бойынша оңалту жұмысына 7 имам жауапты болып бекітілген.
Өңірдегі өкілдікке қарасты 49 мешіт ҚМДБ-ның филиалдары болып есептелінеді. Тарқатып айтсақ, Орал қаласында – 4, аудан орталықтарында - 13, ауылдық жерлерде 32 мешіт орналасқан. Аталған мешіттерде 98 дін қызметкері бар. Олар жыл сайын әртүрлі курстар шеңберінде өз біліктіліктерін жетілдіріп отырады. Сондықтан әрбір имам жат ағымға тойтарыс бере алады деп айтуға болады. Дегенмен күрес жолында имамдардың белсенді болғаны дұрыс. Қай ағымдағылар болса да, олардың көпшілігі мешітке баратыны өзіңізге мәлім. Осыны ұтымды пайдаланып, ислам дінін дұрыс түсіндіру қажет.
– Дін саласын жетік білетін мамандар тапшы екенін білеміз. Теолог мамандарды облысқа тарту бағытында қандай жұмыс жүргізілуде? Әсіресе, аудан-ауылдарды білікті мамандармен қамту оңай болмайтыны белгілі.
– 2017 жылдан бері облыс әкімінің қолдауымен жоғары («Нұр-Мүбарак» университеті) және 2020 жылдан бастап орта арнаулы (Орал медресе колледжі) білімі бар дін саласының мамандарын даярлауға облыстық бюджеттен арнайы гранттар бөлініп келеді.
2021 жылдың 2 желтоқсанында өзім Алматы қаласына іссапармен барып, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры, профессор Мухаммад аш-Шаххат және университеттің проректоры, доцент Қ. Құрманбаевпен кездестім. Сол кезде Батыс Қазақстан облысының әкімдігі мен «Нұр-Мүбарак» университетінің арасындағы екіжақты ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Кейін «Нұр-Мүбарак» университетінің соңғы курсында оқып жүрген батысқазақстандық студенттермен кездесу өткіздім. Олардың жағдайымен танысып, жыл сайын облыс әкімінің гранттары бөлінетінін, дін саласында білікті мамандар қажет екендігін атап өттім. Облыстағы бос жұмыс орындары мен қызметке орналасу мүмкіндіктері жөнінде айттым.
Бүгінде «Нұр-Мүбарак» университетінде батысқазақстандық 45 шәкірт оқуда. 2022-2023 жылғы оқу жылына «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетіне 6 талапкер оқуға түсті. Мемлекеттік грант – 4, облыстық грант 1 талапкерге бұйырды, енді біреуі ақылы негізде оқуда. Бұдан басқа «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық ислами діни бірлестігінің «Орал» медресе колледжі» жеке мекемесі дін саласындағы мамандарды даярлайды. БҚО әкімдігі бөлген грант аясында медресенің 1-курсында 25 шәкірт тегін оқуда. Орал медресе колледжінде жалпы 59 шәкірт білім алуда. Оқытушылардың сапалық құрамына келер болсақ, 2022-2023 оқу жылында 10 маман ұстаздық қызметке тартылған. Оның 9-ы штаттық кесте бойынша, 1-еуі шетелден келіп сабақ беруде. Медресе жалпы гуманитарлық, әлеуметтік-экономикалық, жалпы кәсіптік және арнайы пәндер бойынша оқу әдебиеттерімен қамтамасыз етілген.
Теолог-мамандарды жұмысқа тарту мәселесіне тоқталсақ, дін істері басқармасының шақыруымен басқа облыстардан жыл сайын 3-4 адам жұмысқа қабылданады. Теолог-мамандарды тұрақтандыру мақсатында аудан орталықтарында, ауылдарда үймен қамтамасыз ету мүмкіндігі қарастырылған. Жалақылары – орта есеппен 150-250 мың теңге аралығында. Соған қарамастан, аудандарда теолог-мамандарды жұмысқа алу мәселесі өзекті күйінде. Қазіргі кезде облыс бойынша деструктивті діни ағымдардың жақтастарын оңалту шараларына 34 маман жұмылдырылған.
– Момын болып көрінгенімен, қой терісін жамылған қасқыр секілді қатыгез әрекет жасайтын радикалдарды ауыздықтау үшін қандай амалдар жасалынуда? Мәселен, Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағының маңында болған аты-шулы кісі өліміне күдікті деп танылғандар деструктивті діни ағымдарға жата ма? Олардың жат ағым шырмауында болғаны анықталды ма?
– Биылғы алтыншы тамыз күні Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағының аумағында қылмыстық оқиға болды. Құқық қорғау құрылымдарының мәліметіне сәйкес, ол жерде діни жанжал туындамаған, қылмыстың болуына тұрмыстық келіспеушілік негіз болған. Дейтұрғанмен, аталған азаматпен теологиялық сұхбат жүр-гізгеннен кейін оның теріс діни ағымды ұстанатындығы анықталды. Ол жамағат арасында бұрын-соңды көзге түспеген, дінге бет бұрғанына көп уақыт болмаған. Дегенмен қылмыс жасаған адамға қылмыскер ретінде қарауымыз керек. Өйткені діндар адам періште дегенді білдірмейді. Мейлі, ол дұрыс немесе теріс бағытты ұстансын... Кез келген адам қателесуі мүмкін.
– Мақсат Аралбайұлы, ғаламтор кеңістігінде радикалды топтың уағызына қарсы күрес қалай жүргізілуде?
– Облыстық дін істері басқармасы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрғындар арасында деструктивті діни ағымдардың қаупін түсіндіру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, дін саласындағы мемлекеттік саясатты ақпараттық сүйемелдеу мақсатында төрт бағыт бойынша жұмыстануда. Біріншіден, дін тақырыбында телерадио бағдарламалар көрсетілуде. Екіншіден, өзекті мәселелер бойынша жергілікті басылымдарда мақалалар жариялануда. Үшіншіден, интернет желісінде деструктивті діни ағымдардың идеологиясына қарсы үгіт-насихат жүргізу, әлеуметтік желілер, мессенджерлер арқылы ақпарат тарату қолға алынған. Төртіншіден, дәстүрлі құндылықтарды насихаттауға, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған бейнеөнімдер дайындауға басымдық берілген. 2022 жылдың қаңтар-қазан аралығында облыс бойынша БАҚ-тар мен әлеуметтік желілерде жалпы саны 2446 материал жарық көрді.
– Қоғам бірлігіне сызат түсіретін діни контенттер бұғаттала ма? Бұл бағыттағы жұмыс жайын айтсаңыз.
– Интернет кеңістігінде теріс діни мазмұндағы материалдарды бұғаттауға арналған «Кибернадзор» бағдарламасы қолданысқа енгізілді. Экстремистік насихат жүргізілетін негізгі алаң Youtube арнасы мен Instagram желісі болып табылады. Сонымен қатар деструктивті уағызшылардың дәрістерінен үзінділер жарияланатын Tik-Tok және Telegram желілерінің танымалдылығы артып келе жатқандығы байқалады. Биыл ақпарат кеңістігіне жүргізілген мониторинг барысында анықталған 32345 сілтеме бағдарламаға енгізіліп, 921-і бұғатталды. Былтыр 24817 сілтеме анықталып, оның 9223-і бұғатталды.
– Бірнеше жыл бұрын ДАИШ (Ирак және Шам ислам мемлекеті) радикалды ұйымының жетегіне ерген жүздеген қазақстандық Сирияға ағылды. Отанынан безіп, басқа жерден опа таппаған олар өздерін жұмақ мекен күтіп тұрмағанын маңдайы тасқа тигеннен кейін бір-ақ білді. Тас-талқаны шыққан «қуыршақ халифаттан» талай тағдыр иесі зардап шекті. Қарулы қақтығыс ошағында қалғандарды біздің мемлекет назардан тыс қалдырмады. Аты-шулы «Жусан» операциясы бойынша біраз жерлесіміз Отанына оралды. Олардың ой-санасына жарықшақ түскені анық. Бұл бағытта оңалту жұмысы нәтиже беруде ме?
– 2013 жылдан бастап Түркия Республикасынан депортация арқылы және 2019-2020 жылдары аралығында «Жусан», «Жусан – 2», «Жусан – 3» және «Русафа» операцияларының шеңберінде жалпы саны 116 адам қайтарылды. Оның 29-ы – әйел, 84-і – балалар мен жасөспірімдер (оның ішінде колледжде оқитыны – 1, мектеп жасындағылар – 62, мектепке дейінгі жастағылар – 20, оның ішінде балабақшада – 7, Алматы қаласында 1 қыз бала Әділет колледжінде оқиды). Ал үш ер адам экстремизм және терроризм бабы бойынша сотталған. Депортация шарасымен Түркия арқылы 7 әйел адам балаларымен қоса Қазақстан Республикасына қайтарылды.
Оларды оңалту жұмысы кешенді жоспарға сәйкес жүргізілуде. Бастапқы кездегі кездесу немесе сұхбат барысында шеттен оралғандар мазһаб ұстанудың шарттарын үйренуге пейілі болмады. «Салафилік-уахабилік» идеологияны іштей жақтайтыны, діни білімсіздіктің салдарынан түпкі ойын жасырып қалуға тырысатындары аңғарылып тұрды.
Теологиялық сабақтарды жергілікті теолог-мамандар, сонымен қатар, республикалық деңгейдегі және «Ақниет» орталығы, «Аманат-Жайық» қоғамдық қорының теолог мамандары жүйелі түрде жүргізді. Елге қайтарылған азаматтарға арналған теологиялық дәрістер, жеке кездесулер, офлайн және онлайн сабақтар, кинотерапия, психологиялық тренингтер, ашық конкурстар жүргізу арқылы олардың діни көзқарастарын оңалтуға бағытталған іс-шаралар тұрақты өтуде. 2022 жылы 20 дәріс өткізіліп, 12 іс-шара ұйымдастырылды.
Карантин шектеулері кезінде де барлық іс-шара жоспар бойынша санитарлық талаптарға сәйкес өтті. Өз кезегінде басқарма тарапынан 2019 жылы атаулы топтың арасындағы 20 азаматша тігінші, маникюр-визажист, аспаз-кондитер мамандықтарына оқыды, 2020 жылы 4 азаматша кірпік сәндеуге байланысты курстарға қатысты. Тұрақты жұмысқа 2 азаматша орналасты. 2020 жылы 1 бойжеткен Орал қаласындағы медициналық колледжге оқуға түсті. Қазіргі уақытта осы колледжде оқып жатыр.
Бүгінгі кезеңде аталған санаттағы азаматтың көзқарастарында радикалды идеологияның белгілері байқалмайды. Басым көпшілігінің қазақстандық құндылықтарды қадірлеуге бет бұрғанын атап өткен жөн.
– Экстремизм және терроризм бабымен сотталғандар үшін діни-ағарту жұмысы тұрақты жүргізіле ме?
– Әрине, тұрақты түрде жүргізіледі. Жыл сайын облыс бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты түзету мекемелеріндегі жазасын өтеушілер арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу және оңалтуға бағытталған жылдық жұмыс жоспары бекітіледі. Жоспарға сәйкес аталған бағытта жұмыстанатын мамандардың құрамы («Ақниет» АНОО ҚҚ – 3, «Аманат-Жайық» ҚҚ – 4, ҚМДБ-ның БҚО бойынша филиалы – 2) толықтырылды. Ақпан айынан бастап түзету мекемелерінде аталған санаттағы азаматтармен қазақ және орыс тілдерінде кездесулер апта сайын өткізілуде.
– Құқық қорғау және арнайы құрылымдармен бірлесіп атқаратын жоба-жоспар жайында айтсаңыз.
– Терроризмге қарсы облыстық комиссияның нұсқаулары бойынша әрі құзырлы құрылымдардың тапсырмаларына сәйкес құқық қорғау және арнайы құрылымдармен бірлесіп, профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырамыз. Жазасын өтеушілер мен пробациялық бақылауда тұрғандар арасында алдын алу жұмысының жай-күйі, сондай-ақ облыстағы ҚАЖД мекемелерінің жеке құрамының кәсіби тұрғыда дайындық деңгейін арттыру, дес-труктивті діни ағымдар идеологиясының таралуына тосқауыл қою, террористік тұрғыдан осал нысандарды жабдықтау мәселесі, одан бөлек әлеуетті радикалдарды және қылмыс әлемімен бірігу фактілерін анықтау қызметіне қатысты жұмыс нәтижелері терроризмге қарсы комиссияның отырыстарында үнемі талқыланады.
Сұхбаттасқан Нұртай Текебай,
zhaikpress.kz