Михаил Мачевский – Ұлы Отан соғысының ардагері, облысымыздың беделді ақсақалдарының бірі. Ол – Орал қаласының құрметті азаматы. Оның есімі елімізге танымал.
Михаил Яковлевич жауынгерлік және «Еңбектегі ерлігі үшін, «Сарбаздар даңқы», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған. Оның балалық шағы Одесса маңында өтті. Ата-анасы отбасындағы ұлдарын ерте жастан жермен жұмыс жасауға үйретеді.
1930 жылдардың басындағы қиын кезеңдерде қолдарындағы сүтті ұн мен нанға ауыстырып күн көрді. Сөйтіп, ол кішкентай кезінен нарықтық қатынастарды үйренді. 14 жасында зауытқа престеушінің көмекшісі болып жұмысқа орналасты. 1939 жылы ол Одессадағы жоғары оқу орнына оқуға түседі. 1941 жылы ол өзінің өмірлік жары Анна Ильиничнамен отбасын құрады. Үйленген соң бір айдан кейін Михаил Яковлевич өз еркімен майданға аттанады. Жаяу әскер полкінің құрамында болған ол туған қаласы үшін ең қиын шайқастарды бастан өткізеді. Шайқастардың бірінде қатты жараланып, Орынбордағы 101-інші госпитальде емделеді. Өз естеліктерінде: «Мен қалаларды қиратып, елді мекендерді опасыздықпен жойып, қариялар мен балаларды аяусыз қорқытып, қорлаған жаудың қатыгез жүзін көрдім», - деп еске алады соғыс жылдарын.
Михаил Мачевский отбасының Батыс Қазақстанның «Есенсай» совхозына қоныс аударғанын білген соң Қазақстанға келеді. Соғыс кезінде еңбекте тәжірибесі бар адамдар қат еді. Сондықтан да студент кезінде буфетте жұмыс жасаған кіші лейтенантты бірден «Есенсай» совхозындағы шаруашылық тауарлары дүкенінің директоры етіп тағайындайды.
Ол 1943 жылдан бері біздің өңірімізде еңбек етті. Облысымыздың аға буын өкілдері Михаил Яковлевичті «Мачевский шұжығы» десе, бірден еске түсіреді. Өйткені ол елге оралған соң, өңіріміздегі кәсіпорындардың жандануына өз үлесін қосты. 1970 жылдардың басында шұжық цехы республикамызға ғана емес, Кеңес одағына сапалы өнімдерінің кең түрімен танымал болды. Ұзақ жыл бойы «Марина» кафесінің тұрғындар мақтанышына айналуына көп еңбек сіңірді. Кәсіби іс жүргізудің және еңбекті нақты ұйымдастырудың арқасында «Мачевский» комбинаты бірнеше рет қалалық, облыстық, республикалық және бүкілодақтық жарыстарда жеңімпаз атанды. Оған 1979 жылы «Қазақ КСР еңбек сіңірген сауда қызметкері» құрметті атағы берілді. Сондай-ақ ол «Кеңестік сауданың үздігі» белгісімен марапатталып, жерлестерінің сенімі мен беделіне ие болып, бірнеше рет депутат болып сайланды.
27 сәуірде Ұлы Отан соғысының ардагері Михаил Яковлевич 102 жасқа толады. Оның мерейтойлық және жауынгерлік марапаттары аз емес. Мачевскийдің ұрпақтары атасының Ұлы Отан соғысында алған орден-медальдарын мақтан етеді.
Биылғы 9 мамыр – Жеңіс күнінің қарсаңында «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінен арамыздағы жеңімпаздардың өмір дерегін, қан майдандағы жанқиярлық ерлігі мен бейбіт күнгі жасампаз еңбегі жайлы оқи жүріңіздер. Газеттерімізге ардагерлер жайлы мақалалар мен құттықтаулар берулеріңізге болады.
zhaikpress