Өткен жылы еліміздегі 1 350 ипотекалық қарыз алушыға 12 млрд. теңге көлемінде қосымша көмек көрсетілді. Бұл туралы қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аталмыш агенттік халықтың әлеуметтік осал топтары (ХӘОТ) санатына жататын ипотекалық қарыз алушыларға «Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру» бағдарламасы бойынша қосымша көмек көрсетіп келеді. Екінші деңгейдегі банктерге ХӘОТ-қа жататын қарыз алушының қаржылық және әлеуметтік жағдайын талдау негізінде негізгі борышты азайту, 20 000 теңгеден бастап ай сайынғы төлемінің жеңілдік кестелерін белгілеу құқығы берілді. Сонымен қатар банктер қарыз алушының кірісін күнкөріс деңгейінен төмендетпей сақтау арқылы борыш жүктемесін жеңілдетудің қосымша тетіктерін жеке тәртіппен қолдана алады.
Банктің балансында есепте тұрған жалғыз баспанасын қарыз алушының меншігіне қайтару мақсатында қаржы институттарына қарыз алушының жылдық 3% сыйақы мөлшерлемесі бойынша қаржыландыруды жүзеге асыру не оған кейіннен сатып алу мүмкіндігімен тұрғын үйді жалға беру құқығы ұсынылады. Агенттіктің мәліметінше, 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша әлеуметтік осал топқа жататын және жалғыз баспанасы банктің балансында тұрған 1 350 қарыз алушыға 11,9 млрд. теңге сомаға қосымша көмек көрсетілді. Банктердің шығыстарын өтеу үшін Ұлттық банк 44,6 млрд. теңге бөлді. Ипотека алушыларға қосымша көмек көрсету мерзімі 2021 жылғы 1 шілдеге дейін деп белгіленді. Шамамен 8 мың қарыз алушыға қолдау көрсетіледі деп жоспарланып отыр.
Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев агенттік қоғамдық бірлестіктер өкілдерімен бірлесіп, бағдарламаның іске асырылуына талдау жүргізгенін айтады. Сол талдаулардың нәтижелерімен ипотека бойынша борыш жүктемесін азайту үшін оларды қосымша қамту қажеттігі анықталған. Сондықтан қазіргі уақытта бағдарламаға түзетулер енгізу мәселесі қаралуда. Банктер қарыз алушылардың сыйақы, тұрақсыздық айыбы (өсімпұл, айыппұл) және комиссиялар бойынша 262 млрд теңге шамасындағы берешегін кешірді. Қазақстанның барлық өңірінде қарыз алушылардың шағымдарын қарау жөніндегі комиссиялар жұмыс істейді. Комиссия құрамына агенттік өкілдері, әкімдіктер, мүдделі мемлекеттік құрылымдар және қоғамдық бірлестіктер кіреді.
Агенттіктің сайтында қарыз алушылармен өзара іс-қимыл жасау үшін банктер қызметкерлерінің байланыс телефондары және банктердің ипотекалық қарыз алушыларға қосымша көмек көрсету мәселесін қарауы үшін қажетті құжаттардың тізбесі орналастырылған. Сондай-ақ www.fingramota.kz сайтында бағдарлама бойынша жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар «кері байланыс» функциясымен және бағдарламаны іске асыру шарттары бойынша сұрақ қою мүмкіндігімен орналастырылған.
Гүлнәр Шәңгерей,
zhaikpress.kz