Қазақстандық жас футболшы Назар Доля Испанияда жарқырап жүр. Орал қаласының тумасы, небәрі 12 жастағы талант қазір әжесімен бірге сол елде тұрады және жуырда әйгілі «Валенсия» футбол клубының академиясына қосылды.

«Жарқанаттар» сапындағы 8 ойында Назар 3 гол соғып, клуб бапкерлерінің оң бағасына ие болды. Бұған дейін ол Испанияның «Леванте» клубының жүйесінде өнер көрсеткен.
Ақпарат «Абат сақал» Instagram парақшасында жарияланды.

Назардың футболдағы алғашқы қадамы Орал қаласындағы «Футбол кидс» балалар футбол мектебінде басталған. Оның алғашқы жаттықтырушысы – Болат Шалаев.
Айта кетейік, Назар Долямен бірге «Валенсия» клубында тағы бір қазақстандық жас ойыншы – Ғабидолла Оразалы доп тебеді. Сонымен қатар, Испания чемпионаттарының түрлі клубтарында қазақстандық футболшылар өнер көрсетіп жүр. Атап айтсақ: «Вильяреалда» Сәлім Хасанов, «Эльчеде» Әлімжан Юн, «Левантеде» Алдияр Нұрғали мен Шыңғыс Қалиев.
Бұл қазақстандық жас футболшылардың Еуропа аренасындағы әлеуетінің артып келе жатқанын көрсететін жақсы мысал.
Түгелбай Бисен
«Орал өңірі»