Алматыдағы еңселі «Almaty Arena» спорт кешенінде күрес түрлерінен өтіп жатқан ел біріншілігі қазақ балуандарының нағыз мерейлі мерекесіне айналды. Кең байтақ еліміздің әр өңірінен жиылған мыңнан астам спортшы бозкілем төрінде бақ сынап, шеберліктерін сарапқа салуда.

Бәсеке шымылдығын грек-рим күресінің балуандары түрді. Осы додада 77 келі салмақта жерлесіміз Қаһарман Қисметов көпшілік назарын өзіне аудартты. Жарыс жолын 1/8 финалдан бастаған Қаһарман алдымен Жетісу өңірінің, сосын Қызылорда облысының балуанын тізе бүктірді. Жартылай финалда қостанайлық қарсыласынан айласын асырған жерлесіміз ақтық сынға жолдама алған еді. Алайда шешуші белдесуде Астана қаласының өкіліне есе жіберіп, күміс жүлдені місе тұтты.
Дегенмен, бұл күміс қарапайым медаль емес. Өңір спортындағы соңғы 13 жылдың үзілісін үзген, талайдан бері бағынбай келген белесті еңсерген жетістік. Өйткені грек-рим күресінен ересектер арасындағы ел біріншілігінде облыс палуандары 2012 жылдан бері жеңіс пен жүлде тұғырынан көрінбей келген еді. Сол жылы Артур Үмбетқалиев алған медальдан кейін өңір қоржыны бос тұрғанды.
Қаһарман Қисметов 1997 жылы Ақпәтер ауылында өмірге келген. Алғашқы спорттық қадамын дзюдодан бастап, кейін Орал қаласына оқуға түскен соң грек-рим күресіне ден қояды. Облыс орталығында белгілі бапкер Адгам Хабибуллиннен тәлімін алған ол Алматыда білімін жалғастырып, шеберлігін шыңдай түсті. Бір жылдары Атырау облысы намысын қорғаған Қисметов 2018 жылы ел біріншілігінде топ жарған болатын.
Бүгінде туған өңіріне оралған палуан көп жылдан бергі үзілісті үзіп, облыс спортын жаңа жетістігімен қуантты. Бұл тек бір спортшының еңбегі ғана емес, өңір күресінің қайта түлеп келе жатқанын аңғартатын маңызды белес.
Түгелбай Кенжеғалиұлы,
«Орал өңірі»