15.07.2016, 10:14
Оқылды: 64

138 дауыс - әлемнің әділ бағасы

138 дауыс   Еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне сайлануы бұл, сыртқы саясаттағы сындарлы жетістігіміз, мемлекеттік мәртебеміз және жаһан алдындағы зор жауапкершілігіміз.

   Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық белесінде орын алған тарихи оқиғаның артында халқымыздың «істің қалай бітері - бастауынан» – дейтін бек қағидасы тұр. Олай дейтініміз, тәуелсіздігін жаңа ғана жариялаған жас мемлекеттің өз меншігіндегі зымырандық-ядролық арсеналдан түбегейлі бас тартуы дүйім дүниеде бұрын-соңды орындалмаған құбылыс.


   Еліміздің әлемге паш еткен бейбітсүйгіштік ұстанымы нақ осы сәттен басталды. Одан берідегі ширек ғасыр бедерінде қай мінберден де Қазақстанның айтып келе жатқаны – татулық, келісім, һәм берекелі тірлік. Біздің еліміз ешқашан бейбіт мақсатынан, берік ұстанымынан айныған емес. Берекелі бірлік пен келелі келісімнің болуы тұрақты дамудың кепілі екендігін Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев сөзімен де, ісімен де сан мәрте дәлелдеп келеді.

   Қай мәселеде де өз ұстанымын айқын әрі орнықты дәйектейтін еліміздің халықаралық аренадағы беделінің мойындалуы алдағы уақытта да аса зор жауапкершілік жүктейтіні сөзсіз. Еліміз Орталық Азия аймағынан айтулы Кеңес құрамына енген тұңғыш мемлекет болғандықтан жалпы адамзаттың баянды болашағын қамтамасыз ету жолындағы батыл бастамаларының орнықты іске асуына ерекше мүдделілік танытуы тиіс. Өйткені миссиямызды қолдап дауыс берген 138 мемлекеттің үкілі үміттерін ақтау елдік сын. Осы тұста, әркімнің көкейінде «әлем елдерінің басым бөлігі неге Қазақстанды таңдады?» деген заңды сұрақ бас көтереді. Бұл – қауіпсіз ғалам құру жолында тың бастама ұсынған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігіне деген әлемнің әділ бағасы. Бұл – еліміздің сыртқы саясатының қуаты, Ұлы дала елінің әлем алдындағы беделі.

   Бәсі биік Кеңесте әлемнің әбден асқынып, толғағы толған мәселелері талқыланатынын білеміз. Ендеше, Ұлы дала елі жер жаһандағы қауіпті індеттер қаупін азайтуға, ашаршылықпен шынайы күресуге, лаңкестік зардаптарының мейлінше жойып, тұрақты дамудың әлемдік сипат алуына ықпал етпек. Осылайша Отанымыз ғалам тыныштығына қызмет етіп, адамзат бесігінің тыныш тербелуіне іс жүзінде сүбелі үлес қоспақ.

 www.zhaikpress.kz
Нұржан Дүзбатыр

«Нұр Отан» партиясы

Зеленов аудандық филиалы

төрағасының бірінші орынбасары

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале