1.12.2025, 12:00
Оқылды: 56

14 БМСК нысаны пайдалануға берілді

Батыс Қазақстан облысында "Ауылдық денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту" жобасы аясында 50 бастапқы медициналық-санитариялық көмек (БМСК) нысанының құрылысы аяқталды. Биыл арнайы мемлекеттік қордан 14 нысанның құрылысын қаржыландыруға 2 млрд теңге бөлінді.

медицина жп аралтал (1)

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ауылдық денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту бастамасын жүзеге асыру барысында 2025 жылға жоспарланған 14 медициналық мекеме пайдалануға берілді. Оған 5 дәрігерлік амбулатория, 6 фельдшерлік-акушерлік пункт және 3 медициналық пункт кіреді. Қазіргі таңда барлық нысандар толық пайдалануға берілді. Амбулаториялар Жаңақала ауданының Бірлік, Ақжайық ауданының Алмалы, Бәйтерек ауданының Янайкин, Железнов және Сырым ауданының Бұлдырты ауылдарында ашылды. ФАП-тар Ақжайық ауданының Көнеккеткен, Жанабұлақ, Базаршолан, Бөрлі ауданының Ақбұлақ, Жаңақала ауданының Қырқопа және Сырым ауданының Шағырлыой ауылдарында орналасқан, ал медициналық пункттер Бәйтерек ауданының Зеленое, Қаражар және Бөрлі ауданының Қарақұдық ауылдарында жұмыс істей бастады.

Сонымен қатар Бөрлі және Казталов аудандарындағы ауданаралық ауруханаларға қосымша ғимараттардың құрылысы басталды. Жақын арада Бөрлі аудандық ауруханасында 154 орындық инсульт орталығы, тері арқылы коронарлық операция (ЧКВ – чрескожное коронарное вмешательство) орталығы, травматология бөлімі және перинаталды блок ашылады. Бұл медициналық қызметтер Бөрлі, Шыңғырлау, Сырым және Қаратөбе аудандары тұрғындарына көрсетілетін болады. Ал Казталов аудандық ауруханасында 100 орындық қабылдау бөлімі (Триаж жүйесімен), инсульт және ЧКВ орталықтары, травматология және хирургиялық бөлімдер жоспарланған. Қызмет көрсету аумағына Казталов, Жәнібек, Бөкейорда және Жаңақала аудандарының тұрғындары кіреді.

Ерке Мереке, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале