Шетелдіктердің еліміздің көші-қон заңнамасын бұзуының 14 116 фактісі анықталды. Бұл туралы ҚР ІІМ Көші-қон қызметінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Бауыржан Омаров мәлім етті.
«11-18 қазан аралығында елімізде «Нелегал Кордон» өңірлік опеарциясының екінші кезеңі өтті. Полиция қызметкерлері шетелдіктер тығыз тұратын орындарды, тұрғын үй секторларын, құрылыс алаңдарын, базарларды, шетелдік еңбек күшін заңсыз пайдаланатын ұйымдар мен жұмыс беруішілерді тексеріп шықты. Операция барысында көші-қон заңнамасын бұзудың 14 116 фактісі анықталды. Оның ішінде 10 282 шетелдік елде жүріп-тұру мерзімін бұзған. Сонымен қатар шетелдіктердің еңбек қызметімен заңсыз айналысуының 3 641 фактісі анықталды», - деді ол Ішкі істер министрлігінде өткен брифинг барысында.
Оның дерегінше, 613 жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны, 5 453 заңды және жеке тұлға полицияға өздеріне шетелдіктердің келгені туралы ақпаратты дер уақытында бермегені және 53 шетелдік қайыр сұрағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. «Сот көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін елден шығару туралы 936 шешім шығарды», - деді Бауыржан Омаров.
ҚазАқпарат