25.10.2023, 18:13
Оқылды: 48

15 жасар оралдық оқушы «Шахмат керуенінің» финалисі атанды

Екі ай ішінде еліміздің барлық аймағын аралап шығатын «Шахмат керуені» бүгін өз мәресіне жетіп, Оралдағы шахмат озаттарын анықтады. 

InShot_20231025_180339373

Тұңғыш Президент алаңында ұйымдастырылған мерекелік шара кезінде Қазақстан шахмат федерациясының облыстық филиалы ашылып, оның төрағалығына Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов тағайындалды.

InShot_20231025_180100711

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген БҚО әкімі Нариман Төреғалиев елімізде 900-ге жуық адам шахматтан халықаралық рейтингке ие болса, оның 15-і гроссмейстер атағын алғанын мақтанышпен жеткізді.

InShot_20231025_180033207

«Облысымызда 9 мыңға жуық адам тұрақты түрде шахматпен айналысады. 500-ге жуық бала шахмат секцияларына қатысса, оларға бағыт беретін 20 білікті жаттықтырушы бар. Жыл сайын шахматтан аудандық, облыстық турнирлер ұйымдастырылады. Бүгінде интеллектуалды ойынға үлкен қызығушылық танытып, шахмат секцияларына жазылғысы келетін балалардың саны артып келеді», - деді облыс әкімі.

InShot_20231025_180305859

Мерекелік шарадан соң мобильді киіз үйде швейцарлық жүйе бойынша 11 кезеңнен тұратын блицтен турнир болды. Онда облыстық іріктеуден өткен 20 адам өзара бақ сынасып, үш жеңімпаз 10 қараша Түркістанда болатын гранд-финалға жолдама алды.

InShot_20231025_181100260

1-орын Төрехан Молбайға (100 мың теңге) бұйырса, 2-орынды Дмитрий Данилов (50 мың теңге), 3-орынды Мирас Рушанов (30 мың теңге) иеленді.

«Фридом Финанс» АҚ-ның Оралдағы филиалының директоры Бауыржан Мұхамбетов финалистердің жолақысы мен сыйақылары компания атынан қаржыланатынын айтты.

InShot_20231025_180130131 (1)

«Мен шахматты 4 жасымда әкемнен үйрендім. 8 жылдан бері тұрақты айналысып келемін. Бүгін турнирде облыстың 20 мықтысымен ойнап, І орын иелендім. Өзімнің жеткен жетістігіме қуанып тұрмын», – деді жартылай финалдың 15 жасар жеңімпазы Төрехан.

Сондай-ақ турнирге қатысқан Аиша Тұрсынова «Қыздар арасындағы үздік көрсеткіш», Бексұлтан Губашев «16 жасқа дейінгі үздік ойыншы» және Таир Жұмабаев «50 жастан асқан ардагер қатысушы» аталымдары бойынша марапатталып, әрқайсысына 30 мың теңгеден ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Марапаттаудан кейін алдын-ала тіркелген 10 әуесқой ойыншы шахмат олимпиадаларының жеңімпазы, Қазақстан чемпионы Роман Козловпен бір мезеттік ойын сеансына қатысты.

IMG-20231025-WA0125

Еске салсақ, «Шахмат керуені» – шахмат федерацияның өңірлердегі интеллектуалды спорт түрін дамыту үшін қолға алған жобасы. Ұлттың зияткер ұрпағын қалыптастыруды мақсат еткен жобаға Freedom Broker компаниясы бас демеушілік жасап отыр. 10 қарашада әр облыстың үздік 60 ойыншысы қатысатын гранд-финалдың жеңімпазы 5 миллион теңгені өз қанжығасына байлайды. Ал керуеннің жалпы жүлде қоры – 16 миллион теңге.

Нұрлыбек Рахман,

zhaikpress.kz 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале