ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында персоналды басқару қызметтерінің өкілдері үшін тиісті оқыту курстары өткізіледі. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сурет: ҚазАқпарат
«Қазір ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын қоса алғанда, Қазақстанда 15 жоғары оқу орны HR саласы бойынша маман даярлайды. Соның ішінде бакалавр деңгейінде – 8, магистратура деңгейінде – 10 білім беру бағдарламасы бар», - деді Д. Жазықбаев елордада өтіп жатқан «Мемлекеттік қызметтегі HR: персоналды стратегиялық басқаруға көшу» форумында.
Оның айтуынша, агенттікті толыққанды стратегиялық HR институтқа айналдыру мақсатында аталған академияның жоғары әлеуеті ескеріліп, ол келешекте адами ресурстарды даярлау, олардың біліктілігін арттыру бойынша ғылыми-зерттеу орталығы болмақ.
«Академияда персоналды басқару қызметтерінің өкілдері үшін тиісті оқыту курстары өткізіліп, олар сертификатталатын болады. Жоспарланған курстар болашақта HR-қызметтерін түрлендіріп, жоғары әлеуеті мен сұранысы бар таланттар – HR кәсіпқойлар пулын құруға мүмкіндік береді. Жалпы, мемлекеттік қызмет саласындағы өзгерістер адам ресурстарын тиімді пайдалану арқылы кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастырып, қоғамның талаптарын қанағаттандыру мен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған», – деп атап өтті Дархан Жазықбаев.
Бұдан бұрын хабарланғандай, мемлекеттік қызметке орналасуда конкурстық рәсімді өткізу форматы қайта қаралды.