7.02.2023, 9:31
Оқылды: 41

172,155 миллион теңге жалақы берешегі өтелді

«Әділетті Қазақстанда еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілуі тиіс. Әсіресе, мұғалім, дәрігер, тәртіп сақшысы, құтқарушы, жұмысшы, шаруа сияқты мамандардың мәртебесін одан әрі арттыра түсуіміз қажет. Олар еліміздегі ең сыйлы азаматтарға айналуы керек. Осы кәсіп иелері тиісті құрмет пен сыйға ие болғанда ғана қоғамымыз шынымен жаңарды деп айта аламыз».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

акша жп 1

Өңірімізде еңбек адамына деген құрмет жәйі нешік, жалпы халықты жұмыспен қамту, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау төңірегінде түйткілді мәселелер бар ма? Осы бір са-уалдарға құзырлы құрылымдардың берер жауабы қандай? Енді өзіміз анықтап білген кейбір дерек-дәйекті алға тартып, әңгімемізді цифр тілімен өрнектесек...
2022 жылы облысымыздың еңбек инспекциясында 1040 арыз-шағым қаралды (бұл көрсеткіш былтыр 737 болған). Соның 998-і еңбек қатынастары, 41-і еңбек қауіпсіздігі һәм еңбекті қорғау және 1-еуі халықты жұмыспен қамту бойынша тіркеліпті. Аталған мерзімде кә-сіпорындар мен ұйымдарда 125 тексеріс ұйымдастырылса, оның 117-сі жоспардан тыс, 8-і алдын ала бақылау мен қадағалау бағытында өткен. Жоспарлы тексеріс кезінде 197 заңбұзушылық анықталып, 191-і (97%) қайта қалыпқа келтіріліпті. Ал енді жіберілген 113 нұсқама негізінде 48 тұлға әкімшілік жауапқа тартылып, 6,735 млн теңге айыппұл арқаласа, 23-іне ескерту берілген. Мұның сыртында 82 арнайы тексеріс жазатайым оқиғаларға қатысты жүргізіліп, соның 58-нің материалы құқық қорғау құрылымдарына жолданған екен. Мәселен, өндіріспен байланысты орын алған сондай 58 оқыс оқиға салдарынан 71 адам зардап шексе, 16-сы қаза тапқан. Бұған қоса 16 жерлесіміз сақтық шаралары сақталмауынан топтық кесапатқа ұрынса, ауыр жарақатпен тіркелгендер саны – 39. Мұның бәрі соңғы бір жылдың еншісіндегі мәліметтер.
Сала мамандарының айтуынша, облысымызда жалақыны мезгілінде және толық көлемде төлемеу деректері де көрініс берген. Былтыр сондай 154 заңбұзушылықты шұғыл жою мақсатында 35 жұмыс берушіге нұсқама таратылған. Тіпті олардың бірқатары әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 5,154 млн теңге айыппұл да салыныпты. Осы жерде жыл бойы 803 қызметкерге (71 кәсіпорын) барлығы - 172,155 млн теңге көлемінде жалақы берешектері өтелгенін де айта кетелік. Ал жыл аяғында 10 жұмыскерге 37,8 млн теңге берешек болған тағы бір кәсіп-орын анықталыпты. Бұл бойынша да тиісті жұмыстар қолға алынған.
– Қазіргі таңда облысымызда 183 мекеме-кәсіпорын еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттарын енгізіп, 35 кәсіпорын еңбек жағдайлары бойынша аттестаттаудан өтті. Сондай-ақ өңір кәсіпорындарында 488 өндірістік кеңес құрылса, олардың не-гізгі міндеттері – еңбек жағдайына тексеріс ұйымдастыру. Бүгінде 10 кәсіпорын «Халықтық бақылау» жобасына ауысса, 85 ұйым «Vizion Zero» тұжырымдамасын қолдау мақсатында ресми сайтта «Компания» ретінде тіркеліп отыр. Тағы бір тілге тиек етер нәрсе, ішінде басшысы да, қосшысы да бар 3415 адам қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау бағытында білімдерін жетілдірсе, осыған дейін тіркелген ұжымдық шарттар саны – 1687.
Жасыратыны жоқ, еңбек қатынастарына байланысты дау-дамай жиі туындап жатады. Сондай өзара түсінбеушіліктердің өршуіне жол бермей, уақтылы тиісінше шешімдер қабылдануына ықпал ету де біздің негізгі міндетіміздің бірі. Әрі инспекция басшысы мен орынбасары аптасына бір рет, мамандар күн сайын жеке және заңды тұлғаларды қабылдайды, оларға еңбек заңнамасы негізінде кеңестер береді. Орта есеппен тәулігіне 10-12 адам түрлі арыз-шағым, өтінішпен кең-
се табалдырығын аттайды. Басқарманың ресми сайты мен телеграмм-чат жүйесі
арқылы да түсіндірме жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді. Консультативтік-медиативтік рәсімдер үшін арнайы бөлме жасақталып, келіп түскен өтініштердің екеуі сол медиация әдісімен өз шешімін тапты. Айтпақшы, жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында 14 бейнетіркегіш, тану кеудешелері және хаттамалар тұрғызу үшін арнайы планшеттер сатып алынды. Бұдан бөлек
мекеме ғимараты ішіне бейнекамералар мен келушілерді бақылау жүйесі (турни-
кет) орнатылды, – дейді бізбен әңгімесінде облыстық еңбек инспекциясы бойынша басқарма басшысының орынбасары Арман Тұйғынбетов.
Иә, мемлекетімізде жүргі-зіліп жатқан реформалардың негізгі өзегі – әділдік пен заң үстемдігі. Былайша айтқанда, ол адам құқығын құрметтеп, оны кемсітпеу деген сөз. Мұны заң алдындағы теңдік десек те болады. Осы қадамның бәрі «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» атты қағиданы біртіндеп толық іске қосудың алғышарты екені айқын. Ендеше, талабын тайсалмай айтып, өз құқын қорғау – әрбір азаматтың берік ұстанымына айналуы тиіс.

Тақырыпқа тұздық

Осы материалды дайындау үстінде былтыр шілде айында абайсызда жоғары кернеулі электр тогына соғылып, 150 күндей Орал, Самара (Ресей) ауруханаларында ем алған бәйтеректік Асыланбек Ғазездің бүгінде екінші топ мүгедегі деп танылғанын білдік. Ал енді сол баяғы қауіпсіздік ережесін қатаң сақтамау салдарынан жұмыс барысында екі саусағынан айырылған жәнібектік Бауыржан Басеров пен жол үстінде жазатайым бейнетке ұшырап, ауыр операциядан өткен оралдық аутокөлік жүргізушісі Нұрлан Хасановтарға қатысты мәселеге әлі нүкте қойылмапты. Бұл да өткен жылғы оқиғалар. Енді ол екеуі қорғаушы жалдап, істің ақ-қарасын сот арқылы шешуге бел буған.
Иә, заң талаптарына ешкім қарсы тұрмағанымен, жазатайым бейнетке ұшыраған жанның тағдыры да көзтаса қалмауы керек-ау... Қазақы қалыпқа салсақ, қауіп-қатер аяқ астында ғой. Бүгін ол шеккен бейнетті ертең сен шекпесіңе кім кепіл?!

 

Бауыржан Бисенов

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале